Ал Маңғыстау облысының полицейлері жасырын жұмыс істеп келген шағын мұнай өңдеу зауытын әшкерледі. Ол - Мұнайлы ауданындағы Баянды аулының қасында орналасқан. Шағын өндіріс ошағының иесі Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны болып шықты. Ол Ақтау қаласында уақытша тұрып келген. Нысанды тінту кезінде «Камаз» жүк көлігі мен 25 тонна дизельдік отын тиелген цистерна тәркіленді. Сондай-ақ, Түркияның төрт азаматы ұсталды. Олар осы зауытта жұмыс істеп жүргендерін растады. Алайда, жұмысшылардың не жеке құжаттары, не Қазақстанда еңбек етуге рұқсат беретін анықтамалары жоқ болып шыққан. Құрықталғандар Ақтау қаласы ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамалды. Әзірге тәртіп сақшылары аталмыш зауыттың мемлекетке келтірген шығын көлемін айта алмай отыр. Бірақ, бұл көрсеткіштің миллиондаған теңге болатынын жоққа шығармайды.
Азамат Сәрсенбаев, Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметінің өкілі:
Бұл факті бойынша
күдікті азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 197-бабы 4-тармағына сәйкес
заңсыз мұнай өнімдерін өңдегені және сақтағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Олар
қамауға алынды. Қазір мұнайды қай жерден және қалайша алғандарын тексеріп жатырмыз.
А.ҚҰРМАНКИН