Алматыда журналист әрі блогер Ботагөз Жұманованы соққыға жыққан күдікті ұсталды. Қызды үйінің кіре берісінде аяусыз тепкілеген белгісіз ер адамды полиция іздестірген болатын. Араға екі апта салып құрықталған күдікті Алматы облысы Жаркент қаласының 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеу органдарына түсінік берген ол, Ботагөз Жұмановаға тонау мақсатында қол көтергенін айтқан. Күдікті өзі тонамақ болған адамның тілші екенін теледидардағы жаңалықтардан естіп білгенін айтады. Алмалы ауданында орын алған оқиға бойынша Ішкі істер департаменті кәсіпқой ізкесушілерді жұмылдырған. Журналиске қол көтерген адам осы демалыс күндері пәтерлердің бірінде жасырынып жатқан жерінен қолға түсті. Айта кетейік, бұл оқиға 8 қазанда түнгі мезгілде болған. Көпқабатты үйдің кіре берісіне орнатылған бейнебақылау камерасына әйелді тепкілеп жатқан ер адамның түр- әлпеті түсіп қалған болатын.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
Күдікті қылмыстық кодекстің 191 бабы, яғни «Кісі тонаушылық» әрекеті бойынша айыпталып отыр. Ол бұрын «Бұзақылық» дерегі бойынша іздестірілген еді. Бірақ біз оның сөзіне сеніп қалмай, басқа да мәліметтерге қатыстылығын анықтайтын боламыз. Осымен шектеліп қалмаймыз.
Р. АСҚАРБЕКҰЛЫ