Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазір «Өзге пікір» айдарының кезегі

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2015
  • 1891

Ассалаумағалейкум! Мәселесін телефон арқылы шешіп әдеттенген жүргізушілер әбден құтырды. «Жағасы барлар» өздерін түсіріп тұрған камерадан да қаймықпайды. «Жағалары» мықты демек. Өзіңіз қараңыз.

http://informburo.kz/novosti/video-razvoda-za-narushenie-pdd-poyavilos-v-sotsseti-12886.html

Серікбекпін, аға Серікбек. Жоқ, жоқ, мен ақын Серікбекпін. Сол «Бәйтеректе» бір той болып жатыр еді, асығып бара жатыр едім, жігіттер тоқтатып алып бөгеліп қалғаным. -Мә, -Кім? -Бастық. Қай бастық? -Өздеріңнің бастықтарың, Жеңіс деген.

Осылайша жол ережесін бұзып, сақшылардың қолына түскен ақын ағамыз мәселесін жоғарыдағы ағасының арқасында әп-сәтте  шешіп тастады.

 «Алло участковый Ахмеровпын. Иә, иә, жасап жатырмын. Ааа, жарайды жіберемін». 

Міне, ағалардың құдыреті осындай! Ағасы бардың жағасы бар деп қазақ тегін айтпаған ғой. Телефонның арғы жағындағы Жеңіс аға шынымен де мықты екен. Інісінің мәселесін ә дегенше шешіп тастады. Бағынышты учаскелік инспектордан не сұрайсың? Бұл жағдай Шығыс Қазақстанның Үржар ауданында орын алды. Бүгінде оқиғаға қатысқан адамдардан жауап алынған. Бірақ кімге қандай жаза берілетіні, берілсе егер, белгісіз.

Алыптар текетіресі. Олай деуге келсе әрине. Президенттің жиен немересі Айсұлтан Назарбаев Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановқа қарсы шықты. Айсұлтан Рахатұлы өзін футбол федерациясының президенттігіне ұсынып, федерацияның қазіргі басшысы Ерлан Қожағапановтың екі бірдей лауазымды қызметті қатар алып жүргенін сынады.  Федерациядан бөлек, «Астана» футбол клубы кіретін президент клубын басқаратынын айтып, сондықтан  бір команданың жыртысын жыртып кетуі мүмкін деп.

Айсұлтан Назарбаев:

Мен оның жеке басына қарсы емеспін. Осы лауазымда отырғанда, ол белгілі бір міндеттерді атқаруы керек, мен осыған қарсымын. Ал кейбіреулер оның кім екенін де танымайды.

Бұл Айсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның футбол трибунасы» дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзі. Бұдан соң Ерлан Қожағапанов отставкаға кетті деген ақпарат дүрс етті. Алайда футбол федерациясы ол ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, президент өз еркімен қызметінен кетті деген жалған мәліметті белгісіз біреулер қасақана таратқан. Сөйтсек Ерлан Қожағапанов орнында отыр. Кетуге асықпайтын да сияқты. Ал Айсұлтан Назарбаев қазақ футболын өрлететін бағдарламасын да дайындап қойыпты.

Айсұлтан Назарбаев: 

Менің өз бағдарламам бар. Қазір жариялмаймын. Кезектен тыс конференция өтуі керек. Олар кезектен тыс сайлау өткізу туралы мәселені шешуі тиіс. Кезектен тыс сайлау өтетін күн белгілі болғаннан кейін, мен сайлауалды алаңымды құрамын. Сол жерде өз бағдарламаммен таныстырамын. Сіздер ол бағдарламадан шок аласыздар. Мен оған уәде беремін.

Жұрт не деп жатыр екен.

Пікірлер: http://www.nur.kz/882110-nazarbaevtynh-nemeresi-qazaqstan-fut.html

Аноним:

ФФК президенті етіп мені сайлаңдаршы, менің де тәжірибем көп. Қазақстан футболын көкке ұшырамын! Маған да исполкомға хат жазу керек пе екен?

Гүлназ:

Жарайсың! Қолдаймын!

Аноним:

Дұрыс, ақшасы бар адамдарды қою керек қой, есесіне қазақ футболын көтереді.

Аноним:

Қолдаймын! Айсұлтан сен уәдеңді орындайсың деп ойлаймын!!!

Аноним:

Астанада ойнап қатырғаныңды көрдік.

Бұл «ойынның» немен тынарын болжайтын батыл адам әзірге шыққан жоқ. Қандай басшы болса да, қазақ футболын дамытса болды. Осымен тәмам.