Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы мен Қытай коммунистік партиясы делегациясының кездесуі

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2015
  • 2521

 «Нұр Отан» партиясы әлемдегі жетекші саяси ұйымдармен өзара ынтымақтастықты нығайтуы қажет». Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы тапсырмасына сай қыркүйекте «Нұр Отан» партиясы Қытай коммунистік партиясымен өзара әріптестікті жетілдіру жөніндегі хаттамаға қол қойды. Құжат ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу мен кадрлар даярлау мәселелерін қамтиды. Ортақ келісімге сай Қытай Коммунистік партиясының делегациясы Астанаға ресми сапармен келіп, «Нұр Отан» партиясы басшылығымен кездесті. Қазақстан мен Қытай арасында шынайы достық пен өзара саяси диалог орнағанына 20 жылдан асты. Осы ретте Қытай делегаттары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аспан асты еліне биылғы қыркүйек айында жасаған сапарын аса жоғары бағалап отыр. Екі елдің билеуші партиялары арасындағы әріптестік жылдан-жылға нығайып келеді. Екі жақты кездесу барысында  осы жәйттер сөз болды. Қос мемлекет бірлесе жүзеге асырып жатқан Ұлы Жібек Жолын жаңғырту жобасы да аса ауқымды. Ол экономикалық дамуды қамтамасыз ету, оңтайлы іскер ортаны қалыптастырумен қатар, Азия елдерінің мәдени және рухани байланысын нығайтуға бағытталған.

Биыл «Нұр Отан» партиясының бірқатар мүшелері Қытай Коммунистік Партиясы жанындағы Жоғары партия мектебінде тәжірибе алмасу курстарынан өтті. Қытайлық әріптестер де «Нұр Отан» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебінде дәріс алып, партиялық қызметтегі тәжірибелерімен бөліспек. Бұл қос партия арасында жасалған келісімдер аясында жүзеге асып отыр. Сондай-ақ, кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы шағын және орта бизнес өкілдерінің форумын өткізу бастамасын көтерді. Қазір осы бағытта келіссөздер жүріп жатыр 

Сонымен қатар, Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасы шеңберінде Қытай делегациясы өкілдерінің қатысуымен «Бір белдеу, бір жол» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Қытай Коммунистік партиясы делегациясының Қазақстанға сапары қазанның 31-не дейін жалғаспақ. Делегаттар Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Агенттік басшыларымен кездеседі деп жоспарланған. Сондай ақ  «Нұр Отан» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебінде арнайы семинар тренинг өтпек.

  Б. ХАСЕНОВ