Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өз әйелін бензин құйып өртеп жіберді» деп айыпталған Қанат Сәдуов кінәсін мойындамады

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2015
  • 1597

«Өз әйелін бензин құйып өртеп жіберді» деген күдікке ілінген Қанат Сәдуов кінәсін мойындамады. Керісінше сот барысында марқұм келіншегіне түрлі кінә тағып бақты. Тіпті қайғылы оқиғаға өзге адамдардың қатысы бар екенін алға тартты. Бүгін Астана қалалық ауданаралық мамандандырылған сотында оннан астам куәгер тыңдалды.

Мектеп ауласында тапа тал түсте өз әйелін өртеп жіберген Қанат Сәдуовке қатысты сот процессі жалғасуда. Бүгін Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған сотында айыптаушы тараптан 10 куәгер тыңдалды. Және олардың барлығы дерлік қайтыс болған Светлана Сәдуованың өліміне күйеуі кінәлі дегенді алға тартты.

Валентина Свинаренко, Куәгер:

Қылмыс орын алған 26 мамыр күні Светлана Сәдуованы алғашқы болып мен көрдім. Өртке оранған келіншекке көмек көрсетуге ұмтылдым. «Айналайын, отты кім қойды» деп сұрап едім, «күйеуім Қанат» деп ақырын ғана сыбырлады

Айыптаушы тараптың куәгерлері қатарында Қанат Сәдуовтің  ұлы Талғат та болды. Оның сөзінше, әкесінің мұндай қадамға баруына ішімдікке әуестігі себеп болған. «Күнделікті жұмыстан кейін ішіп келіп, анамызға тиісетін. Балаларға да қол жұмсағаны кездері жиі болатын» дейді ол.

Талғат Сәдуов, Айыпталушының ұлы:

Әкемнің ішімдікке әуес екенін бәрі біледі. Ішіп алғанда әсіресе анам мен маған тиісетін. Осыған шыдамай 2013 жылы анам  жеке шығып кеткен еді. Содан бері маза бермеді. Күнде телефон арқылы қорқытып, үркітетін. Өлтіремін деп те айтқан. Соңғы кездері анамның артынан аңдып жүрген. 

Үлкен ұлының бұл айтқанын жоққа шығарған  Қанат Сәдуов сот барысында марқұм әйеліне түрлі кінә тағып бақты. Оның сөзінше, Светлана Сәдуова мектепте бірнеше рет балалардың ұялы телфондарын алып қайтармай қойған мыс.Тіпті оқу орнының өзінен алаяқтық тәсілмен ноутбукті қолды еткен. «Оған жазаға тартылуы мүмкін екені туралы бірнеше рет ескерттім. Жанжал да осыдан шықты» дейді айыпталушы. Айыпталушыны жертөлесінде жасырып келген күдіктінің туған інісі Марат Сәдуов те сот отырысына қатысты. Алайда ол  ағасының үйде жатқанын тек құқық қорғаушылардың құрықтау операциясы кезінде бір ақ білгенін айтады. Қайтыс болған Светлана Сәдуованың туыстары  қылмыскерді қорғаштаған Марат Сәдуовтің де жазаға тартылуын сұрап отыр.Сот отырысы барысында іске қатысты аудио және видео айғақтар көрсетілді. Десе де, Қанат Сәдуов өз кінәсін мойындағысы жоқ. Айтуынша, әйелін бәзбіреулер өртеп жіберген,ал өзін қасақана абақтыға жапқан. Оқиғадан кейін із жасырып жүрген себебім, жеке тергеу амалдарын жүргізгенмін. Қазір кінәлі адамның атын да білемін, істің мән-жайын анықтадым. Алайда оны жариялауға  дайын емеспін дейді.

Жұрағат Баман, Тілші:

Осылайша қалалық сот судьясы Ерлан Рахымбеков 2 томнан тұратын істі егжей-тегжейлі қарап шықты. Ертең соңғы отырыс болады. Ал одан кейін үкім шығарылмақ. Еске салсақ,  жантүршігерлік оқиға  мамыр айының 26-сында  болды. Күдікті Қанат Сәдуов Астанадағы №25 мектепте жұмыс істеген әйелін сыртқа шығарып кейін өртеп жіберген-ді. Денесінің 70 пайызын күйік шалған мұғалім ауруханада бір аптадай жатып, ақыры ес жимастан көз жұмды. Ал оқиға орнынан қашып құтылған Сәдуовтің өзі араға төрт ай салып қыркүйектің 14 күні туыстарының жертөлесінде жасырынып жатқан жерінен ұсталды.

 Ж.БАМАН