Елімізде 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 97 пайыздан астамы қызылшаға қарсы егілді. Яғни 310 мыңға жуық жеткіншекке вакцина салынған. Мамандардың айтуынша,бұл көрсеткіш вакцинация бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен әлемдік стандарттан асып түсті. Бюджеттен бұл мақсатқа 200 млн теңге бөлініп, бір миллион доза сатып алынған. Үндістандық вакцинаға Француз мамандары жасаған сараптама оң нәтиже беріпті.
Нұршай Әзімбаева, ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті басқармасының бас маманы:
Ақпан айында егілген және қазіргі егіліп жатқан ол бір вакцина. «Serum Institute of India» компаниясының Үндістанда шығарылған вакцинасы. Осы вакцинаның қауіпсіздігі дәлелденген болғандықтан, осы вакцина балаларды егуге қайтадан пайдаланып отыр.
Ақ халаттылардың айтуынша, бұл жолы да, дауға ұласқан екпе кампаниясы кезінде салынған препарат қолданылған. Бір қуаныштысы, жағымсыз жәйт тіркелмепті. Еске салайық, жыл басында қызылшаға қарсы екпеден соң Теміртаудағы колледждің 18 оқушысы төсек тартып қалды. Ал Жаңаөзенде 30 шақты жасөспірім ауруханадан бір-ақ шыққан. Бір жеткіншек көз жұмды.
А.АЛДОҢҒАРОВ