Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында аудан орталықтарын газбен қамтамасыз ету жалғасуда

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2015
  • 1880

Қызылорда облысында бір ай ішінде төртінші аудан орталығы табиғи газға қосылды. Арал қаласына көгілдір отын мерзімінен екі ай бұрын берілді. Болашақта  газға ауылдық елді-мекендер кезең-кезеңімен қосылады. Жалпы осы «Қызылорда облысын газдандыру» жобасының аясында аймақтың 190 мыңдай тұрғыны табиғи газды тұтынатын болады. Көп балалы Анар Ниязбекова өзі армандаған күннің келіп жеткеніне қуанышты. Отбасы бюджеті мардымсыз болғандықтан, ағаш пен көмірді үнемдеп жағуды үйренген жалғыз басты ананың  жолы болды. Жағдайы төмен жанұяға көмек ретінде«ҚазТрансГаз» компаниясы өз есебінен құбырды үйге дейін тартып берді.

Анар Ниязбекова,  Арал қаласының тұрғыны:

Міне, қондырып берді кешеден бастап, тамағымды-шайымды осыған қайнатып, істеп, ішіп отырмын. Рахмет істеп бергеніне.

30 мыңнан астам тұрғыны бар Арал қаласын газдандыру биыл мамыр айында басталды. Межелі жұмыс мерзімінен екі ай бұрын аяқталып отыр. Компания жұмысының қарқынды екенін мына сандардан да көруге болады. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын еліміздегі газ тарату жүйелері 8 мың шақырымды құраса, Ұлттық оператордың табысты еңбегінің арқасында газ тарату желілері бүгінде  35 мың шақырымға жетіп отыр.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

ҚазТрансГаз ұлттық компаниясы жәй компания емес. Нағыз халықтық компания болып отыр. Елді-мекендерге көгілдір отын әкеліп отыр. Кәсіпкер өндірістеріміздің шығаратын өнімдері осы газды пайдаланудың арқасында, өзінің шығаратын өнімінің бағасын 25-30 пайызға төмендетуге мүмкіндік алып отыр.

Тағы үш аудан орталығына газ құбырларын тарту келесі жылы жалғаспақ. Оған қажетті 16 миллиард теңгені Еуропалық қайта құру және даму банкі инвестиция ретінде бермек. Ал аймақтың төрт ауданы мен Байқоныр қаласын газдандыру жобасы толығымен ҚазТрансГаз компаниясынын демеушілігімен іске асты.

Қайрат Шәріпбаев,  «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры:

Елбасының тапсырмасымен осы елдімекендерге газ беріп жатырмыз. Сондықтан бүкіл Қазақстан бойынша барлық облыстарға газ беру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Соның ішінде Қызылорда облысында 5 ауданға газ беріп жатырмыз. Соның төртеуіне бердік, енді Байқоңыр қаласы қалды

Аралдықтар үшін бүгінгі күн табиғи газдың берілуімен ғана ерекшеленген жоқ. Сексеуіл ауылында жаңа емхана ел игілігіне берілді. Салынғанына 90 жыл болған емдеу мекемесі апатты деп танылған еді. Осыған орай облыс қазынасынан 248 миллион теңге бөлініп, жаңа нысан бой көтерді.

 Ш.САҚТАПОВА