Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы Бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» жоспарын іске асыруда белсенділікті арттыруда

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2015
  • 1161

«Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмасына сәйкес Бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» жоспарын іске асыруда белсенділікті арттыруда. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуына бақылауды күшейтті. Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы партия филиалдарының конференцияларында атап өтті. 

Қос өңірде өткен конференция жиындарында жаңа филиал төрағалары сайланды. Бұдан былай партияның Ақтөбе облысындағы филиалына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жетекшілік етсе, Қостанай облыстық филиалына Архимед Мұханбетов басшылық жасайтын болады. Партия өңірлердегі жұмыстың басымдығы ретінде «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуын өз қадағалауына алып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына бақылауды күшейтпек.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бірінші кезекте, әрине, Елбасының тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асырылуына қажетті партиялық бақылау жүргізу үшін қажетті шешімдер қабылданды. Ол мәжілістегі партия фракциясы тарапынан құрылған 4 комиссия. Өйткені «Нұрлы жол» бағдарламасы төрт бағыттан тұрады. Сол сияқты жергілікті маслихаттарда осы секілді фракция тарапынан 4 комиссия  құрылды.

Алға қойған міндеттерге қол жеткізу бағытында Орталық аппараттың штаттық құрылымын оңтайландыру нәтижесінде жергілікті филиалдардың штаттық бірлігі 43 пайызға артты. Яғни қосымша 358 штаттық бірлік беріліп отыр. Оған қоса тағы 134  штаттан тыс қызметкер лауазымдары ашылады. Партияның бастауыш ұйымдарына да басымдық беріліп, олардың материалдық және әдістемелік базаларын нығайту қолға алынбақ. Енді бастауыш партия ұйымдарының мүшелері жұмыс сапасын біршама арттыратынына сенімді.

Бердіқұл Абдуллин,  Ақтөбе облысы «Ақбұлақ» АҚ бастауыш партия ұйымының мүшесі:

Әртүрлі күнделікті халықтың мұң-мұқтажына байланысты олардың қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелері бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өңірлердегі өзекті мәселелер партияның тұрақты бақылауына алынбақ. Осы мақсатта енді Орталық аппараттың инспекторлары айына кемінде бір рет аймақтарға шығып, терең талдау жүргізеді. Бұл бастама жер-жердегі нұротандықтар тарапынан қызу қолдау тауып отыр.

Әлия Сапарова, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық  филиалы төрағасының  бірінші орынбасары:

Облыста 44 бастауыш партия ұйымы  қызмет жасайды. Бұл ұйым желісінің ұдайы жетілдірумен қатар олардың қызметі әрбір азаматтың өміріне оң ықпалын тигізе алатындай тиімді деңгейде  ұйымдастыру бағытында ізденіп келеміз.

Партия Қоғамдық қабылдауларына жүгінген тұрғындардың тұрмыстық түйткілдерін де ерекше қадағалауға алып, әрбір өтініш пен шағым бойынша терең талдау жүргізеді. Жиі көтерілетін мәселелерді  мәслихаттар мен Парламентте қарау тәртібі қолға алынбақ. Бұқарамен байланысты бекемдей түсу бағытында, жаңа медиа саясат қабылданып, ұсыныстар мен пікірлер жинақтауда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің әлеуеті кеңінен пайдаланылмақ. Ол үшін газеттер мен телеарналарда жаңа айдарлар мен бағдарламалар ашылып, еркін пікір алмасу алаңы құрылады. Демек, рухани құндылықтарды дәріптейтін жаңа жобалар жүзеге аспақ. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы аясында жүзеге асатын «Ұлы Дала Елі» жобасы «Ұлы Дала өсиеті» деген тақырыппен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұқараға жол тартпақ. 

Заңғар САНАЙ, Мансұр ЕСҚОЖИН