Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жылу құбыры жарылып, 4 адам зардап шекті

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2014
  • 1289

Алматыда тағы да жылу құбыры жарылды. 4 адам зардап шекті. Бұл жолы да желтоқсанның 19-ы күні болған апат аумағында оқыс жайт орын алды. Ол кезде 9 адамды күйік шалған еді. Екі рет жарылып, адам өміріне қауіп төндірген жер қазір қоршауға алынып, қозғалыс тоқтатылды. Райымбек пен Сейфуллин көшелерінің қиылысында атқылаған ыстық судан жүргіншілер қатты шошып қалған. 63 тұрғын үй, 3 балабақша мен 3 мектеп және 2 аурухана жылусыз қалды. 

Райымбек даңғылы мен Сейфуллин көшесі көлік нөпірі көп, жүргіншілер де көп қатынайтын аумақ. Түскі сағат бірде көлік жолының ортасынан атқылаған су қала тұрғындарын әбігерге салды. Оқыс оқиғадан екі бірдей қоғамдық көлік ыстық будың ортасында қалып қойды.

 

Светлана Старченко, куәгер:

 

Мен төмен қарай Сейфуллин көшесімен жүріп келе жатқанмын. Троллейбус жүргізушісімін. Алыстан көрінген түтінді көлік жанып жатыр екен деп ойладым. Жақындап келгенде, будың ішіне кіріп кеттім. Салондағы жолаушылар да шошып кетті. Сыртқа шығайық десек, айналының бәрін ыстық су басып қалған.

 

Апат орнында құбыр жарылысынан зардап шеккендер де бар. Олардың саны шамамен 4 адам. Барлығы аурухана жеткізілген. Ал «Боран» полиция жасағының инспекторы Руслан Нұрғожаев жүргіншілерді құтқару барысында ыстық суға күйіп қалған.

 

Дидар Рустамов, Алматы облыстық көпсалалы ауруханасы қабылдау бөлімінің дәрігері:

 

Теплотрасса жарылған жерден бізге бір науқас жетізілді. Ыстық суға күйген. Екі өкшесінен жарақат алыпты. Ем-шараларын көрсетіп, өз сұрауы бойынша Іле аудандық ауруханасына жолдамамен жібердік.

 

Оқиға орнына жеткен құтқару қызметі мен «Алматы жылу» компаниясының өкілдері апаттың салдарын жоюға кірісті. Кәсіпорын мамандарының алдын ала берген ақпаратына қарағанда, жарылысқа басты себеп - тозығы жеткен құбырлар. Диаметрі 800 милимметрлік құбырлар әбден ескірген.

 

Ян Гирин, «Алматы жылу» МКК баспасөз хатшысы:

 

Апаттың алдын ала себептері белгілі. Жер астымен тартылған құбырлар өте тозған. Мұнда Кеңес заманында салынған құбырлардың қызмет көрсету мерзімі 25 жылға есептелген. Ал бұл құбырлардың жөндеу көрмегеніне 35 жылдан асып кетті.

 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

 

Естеріңізге салсақ, дәл осы аймақта бұл үшінші апатты жағдай. 2012 жылдың жазында аумағы 6 метрлік жер опырлып түскен. Ал өткен жылдың желтоқсаныныда осындағы ыстық судың атқылауынан 9 адам күйіп қалған еді. Енді бұл жағдай тағы да қайталанып, бүгін адамдар өміріне тағы да қауіп төндірді.

 

Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, барлығы 63 тұрғын үй жылудан ажыратылды. Одан тыс 6 әлеуметтік нысанға уақытша жылу беру тоқтатылды. "Бүгін Алматыда ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендейді", - деп болжайды синоптиктер. Сондықтан коммуналдық кәсіпорынға апат салдарын жоюға тәулік соңына дейін мерзім белгіленді.

 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ