Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде тiркелмеген дiни бiрлестiктер қызметi тиылмай тұр

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2014
  • 1826

Қазақстанда өткен жылы дін саласында 282 құқық бұзушылық тіркелген. Оларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 200-дей адам жазаға тартылды. Бұл туралы Дін істері агенттігінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.

Агенттік төрағасы Марат Әзілхановтың айтуынша, салада тіркелген құқық бұзушылық саны алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама артқан. Жағдайды тұрақтандыру шаралары жүріп жатыр. Сегіз облыста түсіндіру жұмыстарын жүргізетін орталықтар ашылды. «Қауырт желі-114» республикалық кеңес беру-ақпараттық орталығы іске қосылды. Қазір осы желі арқылы телефон шалған 114 қоңырау тіркелген, олардың әрқайсысы назарға алынды дейді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ, теріс ағымдағы насихат жүргізушілер, қате жазылған діни кітаптар мен тіркелмеген заңсыз сайттар назарға алынды. Соңғы үш жылда 24 мыңға жуық кітап тексерістен өткен. Ал заңсыз ақпар таратқан 100-ден астам сайт жабылып, олардың ісі прокуратураға жөнелтілді.

Ғалым Шойкин, ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары:

Дінтану негіздері деген пән енгізілді. Қазір Білім министрлігі мен біздің Дін істері агенттігі бірлесе отырып, осы пәнді беретін мұғалімдер мәселесі көтеріліп жатыр: жоғарғы оқу орындарында тарих және дін негіздері деген пәнді ашу.

Сымбат МОЛДАТАЙ