Русский Сайттың толық нұсқасы

Араб елінің арнайы қызметі Дубайда ұсталған оралдық азаматтардың Сириядағы қазақстандықтармен байланысы бар деп күдіктенген

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2014
  • 1535

Дубайда ұсталған оралдық азаматтардың айтуынша, Араб елінің арнайы қызметі оларды Сириядағы қазақстандықтармен байланысы бар деп күдіктенген. Бұл жөнінде сол елде қамауға алынып, өзге қазақстандықтармен бірге жуырда елге оралған Асылбек Шұқыранов айтты. Оның сөзінше, араб арнайы қызметі олардың іс-әрекетінен заңға қайшы  әрекет таппаған, сондықтан Қазақстанға кері қайтарған.

 

Асылбек Шұқыранов, Орал қаласының тұрғыны:

 

Олар бізді Сириядағы қазақтармен байланысы бар деп кінәлады. Қиын кезде бізге қол ұшын созған Қазақстан билігіне алғыс айтамыз. Шынын айтсақ, арабтардың мұсылмандарға мұндай көзқараста болатынын күтпеп едік. Қазір аман-есен елге оралдық, бірақ отбасымыз сонда қалды. Оларды қайтарып алуға ел билігінің көмектесетінінен үміттіміз.

 

Мирғалым Сейітқалиев, Орал қаласының тұрғыны:


Жолдасым қалды менің, ол кісімен хабарласып тұрамыз. Елшілікке документтерін тапсырды. Енді қағаз күтіп отырмыз, мәселелер шешіледі деді. Еншалла, шешіледі деп отырмыз. Мына жақтан хабарласып, көмектеседі деп жатыр.

 

Біріккен Араб Әмірлігінің полициясы 2013 жылдың 30 қазанында 12 қазақстандықты қамауға алған болатын. Олардың алтауы - Батыс Қазақстан облысынан. Ұсталғандардың бірі - Асылбек Шұқыранов бірнеше жыл бойы Әмірлікте автокөлік саудасымен айналысып келген. Дауға айналған оқиғаға дейін оның фирмасы тексеріліп, нәтижесінде  жергілікті заңдарға қайшы әрекеті анықталмаған. Дубайлық тұтқындар қамаудан аман-есен босағанына қуанышты. Ал жат жерде отбасы қалып қойған кейбір отандасымыз оларды қайтарып алу қамына кіріскен.


Еркін ҚАРИН