Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысының «Шиелі жарығы» серіктестігі делдалдықпен айналысқан

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2014
  • 2097

Тарифтың күрт артуы есебінен қанжығасын майлады. Қызылорда облысының «Шиелі жарығы» электр энергиясын жеткізуші серіктестігі делдалдықпен айналысқаны әшкере болды. Осындай мәлімдемені бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң көшпелi отырысы барысында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов жасады. Айтуынша, серіктестік бақандай 11 миллион теңгенің "джип" автокөлігін тарифті қымбаттатудан түскен табыс есебінен сатып алған.

Мұрат Оспанов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:

Қызылорда облысындағы «Шиелі жарығы» ЖШС-ін тексерген кезде біз тарифтерді арттыру есебінен 11 миллион теңгенің "джипі" заңсыз негізде сатып алынғанын анықтадық.

Жалпы, 2013 жылы электрмен қамтамасыз ететін ұйымдарға заңнаманы бұзғаны үшін 2,2 млрд теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева бiрыңғай коммуналдық кәсiпорынды құру мүмкiндiктерiн зерттеу қажет, - дейді. Айтуынша, салада бірыңғай саясат жоқ. Коммуналдық саланы жаңартуға бағытталып жатқан инвестиция көлемі жыл сайын артып жатқанымен, апаттық жағдайларды төмендету динамикасы байқалмайды. "Бұл мәселенi шешуде жүйелi амал-тәсiлдер қолданған дұрыс", - дейді депутат.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы:

Үлкен бiр мәселелердiң бiрi - елiмiздегi 800-ден астам коммуналдық кәсiпорындардың бір ізділігі болмай отыр. Әрбiр кәсiпорын техникалық, инвестициялық мiндеттердi өзі шешеді. Туындайтын мәселелер артып келе жатыр, оларды жүйелі түрде шешу қажет.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА