Русский Сайттың толық нұсқасы

Шағын бизнес ашу үшін 3 миллион теңге аздық етеді

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2014
  • 1676

Шағын бизнес ашу үшін 3 миллион теңге аздық етеді. Сома көлемін бір миллионнан он бес миллионға дейін жеткізу керек. Бұл - Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төрағасы Абылай Мырзахметовтың пікірі. Бүгін журналистермен кездесуде ол: "Кәсіпкерлік отбасылық дәстүрге айналуы керек" деген Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ұсынысты қолдайтынын жеткізді. "Сондай-ақ, Елбасы өз Жолдауында халықтың шағын бизнес ашуға мүмкіншіліктерін арттыру керектігін атап өткен. Осы ретте біз қазір қарапайым халықтың тым болмағанда, микробизнес аша алуы үшін арнайы жүз жоба дайындап қойдық", - деді палата төрағасы.

Абылай Мырзахметов, ҚР Кәсіпкерлері ұлттық палатасының төрағасы:

Әр проектінің әрқайсысының өз құны бар. Орташа есеп ең жоғарғысы 15 миллион. Жаңағы бір миллион теңгенің арасында. Біреуге үш миллион керек, біреуге бес миллион керек. Он бес миллионға бір отар қой алуға болады ауылдық жерде, бес жүз - алты жүзге дейін. Сондықтан, 15 миллионға жоғарыға дейін жүз проект дайындалды. Наурыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан жақта пилоттық бағдарлама ретінде көреміз, бұл жақсы қадам болып жатса, барлық облыстарға таратамыз.

Сондай-ақ, палата төрағасы ауыл тұрғындарынан тікелей, еш делдалсыз ет, сүт өнімдерін сатып алушы компаниялар мен кәсіпорындар салықтан босатылғандығын айтты. "Кеңес одағында малдың жүнін де, етін де реттейтін жүйе бар еді. Қазір ондай сұраныс жоқ. Ендігі мақсат - осы сұранысты тудыратын компанияларды құру", - деді.

Абылай Мырзахметов, ҚР Кәсіпкерлері ұлттық палатасының төрағасы:

Жаңағы жергілікті жердегі малын, сүтін... егін егемін, шығарамын деген азаматқа барып, сатып алатын компанияларға бәріне жол ашайық. Қазіргі таңда "КазАгромен" келісіп отырмыз. Елбасы айтқан делдалсыз жеткізу деген, сол облыстардағы СПК-лар арқылы біздің қатысуымызбен компаниялар құрсақ, жаңағы ауылдағы кәсіпкерлерден сатып алып, тікелей қаладағы сауда орталықтарына жеткізіп отырады.

Жұрағат БАМАН