Мобильді байланыс компанияларының
абоненттердің ақысын сыпыру әрекеті әшкереленгендей. Kcell және Tele2 компаниялары абоненттерді қызмет түрлерін пайдалануға мәжбүрлегені
үшін сот алдында жауап береді. Бұл туралы бүгін Бәсекелестікті қорғау
агенттігінің алқа отырысында төраға Ғалым Оразбақов мәлімдеді.
«Kcell» акционерлік қоғамы және «Мобайл Телеком Сервис» серіктестігі, яғни Tele2 байланыс жүйесі
монополияға қарсы күрес заңын бұзып отыр. Осыған байланысты, агенттік Ксеll операторын 10 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттемек. Қазір
Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Еуразиялық экономикалық комиссия бірігіп,
халықаралық роуминг қызметіне талдау жүргізуде. «Роуминг қызметін мүмкіндігінше
төмендету көзделген», - дейді Оразбақов.
Ғалым Оразбақов, ҚР Бәсекелестікті
қорғау агенттігі төрағасы:
«Kcell» және «Мобайл Телеком Сервис»
серіктестігіне тергеу жүргізу барысында абоненттердің келісімінсіз «Әрқашан
байланыста» қосымша қызметін күштеп таңу анықталды. Енді ұялы байланыс
операторларына қатысты қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау
үшін сотқа жіберілді.
Алқа жиынында қазақстандық тауар
өндірушілер нарықтағы бәсекеге қатысты өз ескертулерін айтты. Мәселен, Ресей
және Беларусь компаниялары негізсіз бәсекеге ықпал етуде. Тауар өндіру және
экспорттау қоғамының төрағасы Николай Радостовец отандық тауар өндіруші компаниялар
құқығының тапталып жатқанын айтты. Тіпті, заң бұзушы Ресей және Беларусь компаниялары тиісті жазасын алмай келеді екен. Мәселен, жаңылыс жарнама жасаған
ресейлік «Данон» компаниясы сот шешімімен айыппұл төлеуі тиіс. Дегенмен, Тауар
өндіру және экспорттау қоғамының төрағасы 2 миллион теңге айыппұлды тым аз, дейді.
Николай Радостовец, ҚР Тауар
өндіру және экспорттау қоғамы төрағасы:
Бірыңғай кеңістікте бәсекеге
түскен сәтте тек отандық бизнесмендер пайдадан қағылады. Өйткені, Беларусь пен Ресейдің компаниялары қолдауға ие. Мәселен, Беларусьте ет және сүт өндіру
үшін мемлекеттен субсидия бөлінеді. Сондықтан, біздің Бәсекелестікті қорғау
агенттігі де заң бұзушылықтарды соңынан қарастырмай, оның алдын алу қажет.
Сымбат МОЛДАТАЙ