Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бергей Рысқалиевтің қылмыстық тобы» ісіне қатысты айыпталушылардың бірі өзін үй қамаққа ауыстыруды талап етуде

  • AstanaTV
  • 05 ақпан 2014
  • 1105

«Бергей Рысқалиевтің қылмыстық тобы» ісіне қатысты айыпталушылардың бірі аштық жарияламақ. Тергеу абақтысында отырған «Ақтөбе хаусконтракшн» және «BNB Construсtion» серіктестіктерінің бұрынғы есепшісі Гүлмира Азбергенова өзін тергеу абақтысынан үй қамаққа ауыстыруды талап етуде. Бүгін ол адвокаты Райхан Әйтеновамен бірге судьяға осындай өтінішті түсірді. Атыраудағы аты шулы сот процесін қадағалап жүрген тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы толықтырады. 


Мемлекеттік айыптаушылар қылмыстың ауырлығы мен айыпталушының бастапқыда тергеу органдарынан қашқандығын алға тартып, үй қамаққа босатуға қарсылық танытты. Судья да өтінішті қанағаттандырған жоқ. Алайда Адвокат Райхан Әйтеновның айтуынша, қорғаушысы он айдан бері қамауда заңсыз отыр. Қорғаушысы тергеу орындарынан қашпаған, өзінен іздеу жариялағанын ғаламтордан ғана көріп, өзі аяқтай келген.


Райхан Әйтенова, адвокат:


Бір ғана әйел барлық еркектердің ішінде. Азбергенова жетім балаларды асырап отыр, қайтыс болған апасының, өзі ауру - аллергия. Ол он айдан бері заңсыз отыр. Айыпталушы айтып отыр, қашып кеткен деп, ол қашып кеткен жоқ.


Ал ашынған айыпталушы Азбергенова біздің арна тілшілеріне көкейіндегісін жайып салды. Компанияның бас есепшісі бола тұра, өзіне тағылған айып еш ақылға сыймайды дейді.


Гүлмира Азбергенова, айыпталушы:


Жауап беруден ешқашан бас тартқан жоқпын. Дайын қағаз алып келіп, соған қол қоюымды сұрады. Бейресми түрде егер қол қойсаң, шығасың деді. Оған келіспедім. Жасамаған ісімді қалай айтамын. Сондықтан аштық жариялап отырмын. Жиырма жетінші қаңтарда өтініш жаздым аштық жариялап судьяға. Ал ол түрме қызметкерлеріне ескертпеген. Бұл қалай сонда?


Осыдан кейін судья пәтер мәселесі бойынша куәгерлерді шақырды. Назарда - үлескерлер есебінен салынған үйлердің тоғыз пәтері. Бергей Рысқалиевтың күйеу баласы Рүстем Әлбақасовтың тапсырмасы бойынша пәтерлер бірнеше рет сатылып, иелері ауысып отырған.


Оқиға 2008 жылы орын алғандықтан куәгерлердің көбі мәселенің бүге-шігесіне дейін есте сақтамағандарын айтып отыр.


Атырау қаласы экс-әкімі Асқар Керімовтің адвокаты Талғат Мұқатанов бұдан өзге істе дәлел ретінде келтірілген Аманжан Рысқалидың бейнетаспасын сотқа алдыртуды ұсынды. "Бейнетаспа сотта біраз жайттың бетін ашуға көмектеседі", - деді ол. Бұл өтінішті судья қанағаттандырды.

Сондай-ақ судья сотқа кешігіп келген Атырау облысы құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Ибрагим Әміровке ескерту жасады. Бұл қайталанса, сот ісіне кедергі келтіргені үшін үй қамақта отырған айыпталушының бұлтартпау шарасы ауыстырылуы мүмкін.


Базаргүл ІЗІМОВА