Ақтөбеде 15 жасар қызды
айуандықпен өлтірген екеуге қатысты сот ісі аяқталды. Алқабилер оларды айыпты
деп танып, Виктория Савич - 25 жыл, Сергей Наумцев - өмір бойы тас қапаста отыруы
тиіс деп ұйғарды.
Өткен жылдың қазан айында Ақтөбедегі көп қабатты үйлердің
бірінің ауласында сөмкеге салынған жасөспірім қыздың мәйіті табылған еді.
Сорақы істің ақ-қарасын анықтаған сот отырысынан Мансұр Есқожин баяндайды.
Сот залына жеткізілген Сергей Наумцев те, Виктория Савич те қылмыстың ауыртпалығын түсінбеген сыңайлы.
Қоршауда отырған екеу еркінсігені сонша, театрлық қойылымның әртістеріндей
кейіп танытты. Тағылған айыпты мойындаудан бас тартты.
Тергеу барысында анықталғандай. Виктория Савич ғашығы Сергей Наумцевтің туған күніне пәк аруды тарту етпек
болған. Таңдау Гүлдира Сәкеноваға түседі. Әлеуметтік желідегі тілдесуде 15
жастағы оқушы қызды арбап, жалдамалы пәтерге шақырады. Жынойнақтан соң қылқындырып өлтіріп, ізін суытпақшы болады. Мәйітін жүк сөмкесіне салып, көп
қабатты үйлердің бірінің ауласында тастап кеткен. Прокурор мен жәбірленушінің
қорғаушысының уәжімен толық келіскен алқабилер екеуіне де қатаң жаза қолдану
қажет деген шешімге келді.
Мәдина Сисенова, Ақтөбе облыстық
қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
Наумцев Сергей Владимировичті
кінәлі деп тауып, қылмысын өтеу жолын біріктіріп келе, өмір бойы абақтыға
жабылсын. Савич Виктория Андрей қызын кінәлі деп тауып, ҚР Қылмыстық кодексінің
58-бабы 4-ші бөліміне сай қылмысын өтеу жолын біріктіре келе, 25 жылға бас
бостандығынан айырылсын.
Айдың күні аманда бауыр еті
баласынан айырылған Амангелді Сәкенов соттың барлық мәжілісіне қатысты. Қызын
қылқындырып өлтірген Сергей Наумцевті ату жазасына кесу туралы ұсыныс та
жасаған. Бірақ бұл кесіммен келіспеуге болмайды деп отыр.
Талғат Құлтазин, Г.Сәкенованың
ағасы:
Бұл үкімді қабылдаған
бір адам емес. 12 азамат. Бұлтартпас дәлелдер бар, сондықтан, шындық баршаға
мәлім болды. Одан әрі шағымданбаймыз. Ал бұл екеуінің неге жетісіп күліп отырғанын
білмеймін. Не істегендерін әлі түсінбеген болар. Түрмеге жеткесін түсінеді.
Сергей Наумцев қалған өмірін
ерекше режимдегі абақтыда өткізуі тиіс. Ал Виктория Савич 25 жылға темір торға
тоғытылды. Айыпталушы тарап үкіммен келіспесе, апелляциялық шағым түсіре алады.
Ол үшін 15 күндік мерзім қарастырылған.
Мансұр ЕСҚОЖИН