Оралда нәсілдік кемсітушілікке жол берген мекеме жазаланды. Прокурорлар жұмыс іздеушілердің азаматтық құқығы шектелгенін анықтапты. Жергілікті газет-журналдар мен интернет-басылымдарды сараптап шыққан құзырлы орган осындай байламға келген. Мысалы, «Промвентиляция» серіктестігінің "Уральск инфо" интернет порталына берген хабарландыруында жұмысқа қабылданатын жүргізушінің міндетті түрде славян нәсілді болуы керектігі көрсетілген. Ал жеке кәсіпкер Шапихов сатушы қыздардың ұлты қазақ әрі дін жолында болуын талап еткен. Мұны прокурорлар заң бұзушылық деп есептейді. Қазір бұл іс сотқа берілді.
Наиль Акчурин, Орал қалалық прокуратурасының бөлім басшысы:
Еңбек Кодексіне сай азаматтардың жасы мен жынысына, дене бітіміне, тілі
мен дініне, ұлты мен нәсіліне байланысты құқын шектеуге тыйым салынған. Заң
талаптарын аяқасты еткен екі мекеме жазасыз қалмады. "Промвентиляция"
50 АЕК, жеке кәсіпкер Шапихов 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.
Еркін ҚАРИН