Жұмыссыздардың қатары азайса, дағдарысқа себеп жоқ. Мемлекет басшысының Жолдауын талқылаған оңтүстік қазақстандықтар шағын және орта бизнесті дамытуға баса
назар аударды. «Нұр Отан» партиясы Төлеби аудандық филиалы саяси
кеңесінің мәжілісінде сөз алғандар кәсіпкерлікті кеңейту жайын сөз етті.
Мал
және егін шаруашылығы жолға қойылған таулы ауданда өндіріс орындары да көптеп
ашылып жатыр. Осы жылдың өзінде жалпы құны 3,5 млрд теңгеге алпыстан астам жоба
мақұлданды. Жүзеге асар болса, кем дегенде алты жүз адам жаңа жұмыспен
қамтылмақ. Сондай-ақ әр ауыл әкіміне жекелеген міндеттер жүктелді. Отбасылық
кәсіп ретінде туризмді дамытуға қолайлы табиғаты тамаша ауданда тың бастамалар
жүзеге аспақ.
Әуелхан Тұрғымбеков, Төлеби ауданының әкімі "Нұр Отан"
партиясының мүшесі:
Экологиялық туризмді дамыту үшін жекелеген үйлер, отбасылар шетелдік
туристерді, өзіміздің туристерді қабылдап, соларға қызмет көрсету арқылы олар
да өзінің отбасылық бизнесін дамытуға, отбасылық бір кәсібін жасап алуға
мүмкіндіктері бар деп есептейміз.
Отбасылық шағын кәсіпті жандандырған азаматтардың бірі Бауыржан
Бектаев. Ол пластикалық терезе жасаумен айналысады. Отбасының табыс көзі де
осы. Сұраныс жаман емес дейді. Бұл кәсіпке 14 жасар ұлы Дінмұхамедті де баулып
жүр. Жиырма жылдан бері тірлігін дөңгелетіп келе жатқан еңбекқор азамат
әуелгіде сандық пен бесік секілді тұрмыстық бұйымдарды жасапты. Кәсіпкерлерге
жасалып жатқан жағдайды ескерген Бауыржан шаруасын одан әрі кеңейтуді көздеп
отыр.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ