Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ ауылының балалары мектепке бара алмай отыр

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2014
  • 2392

Жамбыл облысындағы Жуалы ауданындағы бір ауылдың балалары сабақ жайлы ұмыта тұруға мәжбүр. Теріс-Ащыбұлақ аулының тұрғындары ұл-қыздарын 1 жылдан бері көршілес Ақтөбе ауылындағы мектепке жібереді. Бірақ соңғы күндері екі ауыл арасындағы қатынас тоқтап қалды. Мектеп меншігіндегі автобус бұзылып қалыпты. 

Теріс-Ащыбұлақ балғындарының мектепке баруы мұңға айналды. Ақтөбе ауылындағы білім ошағына автобус шықпағалы 10 күннен асты. Аймақта қар қалың, 5 шақырым жерге жетудің өзі оңайға соқпай тұр.


Гүлзира Сауырбаева, Теріс-Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:


Берген автобусы сынып қала береді. Мына машинаға балаларын салып әкетсе, багажникке салады симаған балаларды. Багажникке салуға болмайды ғой. Екі күн барса, үш күн бармайды, үйде қалады!


34 үйлі шаңырақтан 22 оқушы мектепке шығады. Көпшіліктің айтуынша, балалар мектеп бағдарламасынан қалыс қалмасын деп жеке көліктерімен жеткізіп жүрген. Бірақ жуырда жолға шыққан осындай жеңіл көліктің бірі апатқа ұшырап, оқушылар зардап шегіпті.


Бұрышқа барып тайғанап, соғысып қалды. Қараған кезде көзімнің мына жеріне тиіп, осы көзім ісіп кетті. Жаңа автобус берсе, барғымыз келеді. Ескі автобус суық. Қатып қаламыз. Терезесінің бәрі ашық-ашық.

Менің екі балам барып жүр сол жаққа. Сол күні басын ауыртып, шок болып келді.



Ауыл әкімі болса, оқушылардың жол апатына түскенінен бейхабар. Ал балаларды тасуға жаңа көлік алынады деп отыр. Бірақ нақты қашан алынатынын дөп басып айта алмады.


Ермек Сейдалиев, Қызыл арық ауылдық округінің әкімі:


Автобустың қозғалтқышы кетіп, техника болғаннан кейін сынады ғой. Осы биылғы бюджетпен қараймыз деп отыр. Қазір сол жаңа автокөлік алғанша, ескі автоуспен тасымалдап жатырмыз. Ал бірақ осы мынау 2014 биылғы жылға қаражат бөлінген жоқ.


Ринат Жапаров, Ақтөбе ауылдық орта мектебі директорының орынбасары:


Менде бар мәлімет бойынша, 4 күн болды сабақтан қалғандарына. Өзіміздің мәшинемен тасып жүрміз. Қоғамдық көлікпен қамтамасыз ететін білім бөлімінің өзінде деп ойлаймыз.


Аудандық білім бөлімі ауылдықтарды автобуспен келесі қыста қамдамақ. Әзірге жұрт қолда барды қанағат қылмақ. Бірақ көнеден келе жатқан көлік бұзыла береді. Халық болса ескімен ен далада қалдырып қойып, жаңамен жарылқай алмаған жергілікті билікке өкпелі.


Данияр ӘЛІМҚҰЛ