Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда сервистік компания қызметкерлері шу көтерді

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2014
  • 1751

Атырауда 300-ге жуық адам бір мезгілде жұмыссыздар қатарын толықтырды. Жұмыс беруші «Кентз-Қазақстан» серіктестігінің басшылығы оларға келісім-шарттың аяқталғаны туралы хабарлама таратқан. Жұмысшылар үшін бұл тосын жаңалық болды.

Мекеме Теңіз кен орнында зертхана құрылысын салумен айналысып келеді. Алайда құрылыс әлі аяқталмаған. Тапсырыс беруші «Теңізшевройл» компаниясы арадағы келісім-шарттың әрі қарай жалғаспайтынын ескертіп, хабарлама жіберді. Соны алға тартқан басшылық, жұмысшылардың босайтынын айтқан.

Самат
Аманкелдіұлы, «Кентз-Қазақстан» ЖШС жұмысшысы:

ТШО-мен контрактымыз бітті, енді сіздер боссыздар, деді. Негізі, келісім-шартта жоба біткенше деп тұр. Біздің түсінбей тұрғанымыз, проект әлі біткен жоқ. Компенсация төлене ме? Заң бар ғой, егер заңды бұзсақ, бізді кешірмес еді, бірақ өздері белшесінен басқысы келеді.

Сәттібай Сұлтанғалиев, «Кентз-Қазақстан» ЖШС жұмысшысы:

Заңсыздық қой барып тұрған, бір күнде шақырып алады да, боссыңдар дейді. Компанияның ешқандай жауапкершілігі жоқ. Не төленетінін де білмейді жұрт. Қайда баратынын білмейді.

Ашынған жұмысшылар прокуратураға арыз түсірді. Жағдайды назарға алған қалалық прокурорлар жұмысшылардың құқығы бұзылуына жол бермейміз, - деп отыр. Жұмыс беруші тарап болса, қолымыздан келер ештеңе жоқ деп алақан жаяды. Бар болғаны қызметкерлер туралы деректі жұмыспен қамту бөліміне жолдамақ.

Келісім-шарт аяқталғандықтан, жұмысшыларға өтемақы да берілмейтін болып шықты, - дейді кәсіпорын заңгері.

Сапарбек Отаров, «Кентз-Қазақстан» ЖШС заңгері:

Қазіргі таңда контрактім бітті. Бұл жұмысшыларға жалақының 50%-зын төлеймін 133-бап бойынша Еңбек кодексінің. Сосын жұмыстан шарт мерзімі аяқталуы бойынша жұмыстан қысқартылады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ