Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлттық банк доллардың жаңа бағамын 185 теңге төңірегінде бекітті

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2014
  • 1311

Бүгінгі күннің басты жаңалығы. Теңге тағы да құнсызданды. Осыдан бес жыл бұрын ақпан айында ірі девальвацияға ұшыраған ұлттық валютаның күші тағы да әлсіреді. Ұлттық банк доллардың жаңа бағамын 185 теңге төңірегінде бекітті. Бүгін таңертең шыққан бұл хабар ірі бизнестен бастап, қарапайым тұтынушыға дейін бәрін елеңдетті. Ал түсте теңге девальвациясы туралы Ұлттық банк төрағасының өзі түсініктеме берді. Ришат Асқарбекұлы осы баспасөз мәслихатынан оралды.

2009 жылдан бері Ұлттық Банк доллардың бағамын 145-155 теңге көлемінде сақталуын қадағалап келген еді. Бұл экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.


Осының нәтижесінде ішкі жылпы өнім 6 пайызға, ал инфлияция 4,8 пайызға дейін кеміді. Алайда бүгін Ұлттық Банк теңгенің бағамын өзгертті. Бірден 35 теңгеге көтерді.


Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:


Теңгенің әлсіреуіне бірнеше себеп әсер етті: АҚШ-тағы «сапалық жұмсару» бағдарламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағыла бастады. Бұл дамушы елдердің валютасына қысым жасап отыр. Екіншіден, Ресей рублін еркін айналымға жіберіп, 2013 жылы ол АҚШ долларына деген курс бойынша 7,1 пайызға әлсіреді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында бұл үрдіс тағы жалғасты. Яғни экономикамыз тысқары елдермен байланысты болғандықтан, осындай шараға біз де баруға мәжбүрміз.


Сөйтіп Ұлттық банк доллардың жаңа бағамын 185 теңге төңірегінде бекітті. Дегенмен бас қаржыгер елдегі барлық айырбастау пункттеріндегі шетел валютасын сатып алу және сату айырмашылығы қатаң бақыланатынын ескертті. Ереже бұзғандарға тиісті шаралар қолданатынын айтты.


Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:


Мұндай жағдайды кейбір саудагерлер пайдаланып қалады. Валюта айырбастау жөніндегі ақпарат теріс пиғылда қолданылуы мүмкін, сондықтан ең алдымен Ұлттық банктің сөзіне сену керек екенін ескертеміз. Осыған орай барлық айырбастау пункттерінде сатып алу және сату айырмашылығын 2 теңгеден асыруға жол бермеу шешімін қабылдадық.


Банк басшысының айтуынша, жаңа девальвация теңгенің айырбас бағамының сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арттырады. Ал отандық экономикада шетелдермен сауда балансын және жергілікті тауар өндірушілердің бәсекеге төтеп беруін нығайтады. Сондықтан Ұлттық банк валюталық операциялар тәртібіне тосқауыл қоя алмайды-деді. Айта кетерлігі, бас банкир девальвация туралы ақпаратты бүгін түнде ғана естігенін айтты.


Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:


Мен теңгеге қатысты өзгерістің болатынын алдағы түні білдім. Сондықтан Ұлттық Банктен алдын ала ешқандай ақпарат сыртқа тараған жоқ. Бұл қаржысын алдын ала айырбастап, пайда табуға жол бермеді. Ал өз басым қаражатты теңгемен ұстаймын.


Желтоқсан айындағы есеп беру жиынында, Қайрат Келімбетов 2014 жылы теңгенің құнсызданбайтынын қадап айтқан-ды. Алдыңғы төраға Григорий Марченко халыққа қаражатты үш валютада тең сақтауға кеңес берген.


Ришат Асқарбекұлы, тілші:


Ал оның орнын басқан банктің жаңа төрағасының Ұлттық валюта құнын жоғалтпайды, ақшаны теңгеде ұстаңыздар деген сөзі көптің үмітін ақтамады. Осыған орай орын тақты босатасыз ба деген Астана арнасының сұрағына бас банкирдің жауабы мынау болды.


Меня назначил Глава государства, решает Глава государства.


Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ