Театр тарландары билікке базынасын жеткізді. Өнер майталмандары Астанадағы
Опера және балет театрының әртістері секілді жалақы алуды армандайды. Асанәлі
Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді тұлғалардың өзі небәрі тоқсан мың теңге
айлық алатын көрінеді. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед
осыны айтып, Үкімет басшысына шағымданды.
Сондай-ақ министр мәдениет
саласын басқаратын шенеуніктердің өзі театрға бармайтынын айтты. Ал өнер
әлемінің айналасында жүрген жандардың айлығы шайлығына жетпейді. Министр Құл
-Мұхаммед тіпті жергілікті мәдениет ошағында қызмет ететін әртістер ондағы
сантехник пен электриктен де аз жалақы алады деп ашынады. Осылайша, Үкіметте
алғаш рет талқыға түскен жергілікті театрлар тағдырының тым аянышты екені
белгілі болды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Театрларымыздың бүгінгі күндегі ең басты проблемасы - оларға арнап салынған
заман талабына, биік өнердің биік талабына сай ғимараттардың жетіспеушілігі.
Кеңес кезінен қалған 34 театрдың 21-і ғана типтік ғимаратқа орналастырылған.
Қалғандары 19 ғасырда немесе 20 ғасырда түрлі мақсаттарға арналып
салынған әр алуан ғимараттарда орналасып келді.
Ғимарат демекші, Түркістандағы театр бұрынғы кино залында орналасса,
Шымкенттегі қуыршақ театры тіпті көне шіркеудің ішінде отыр. Ал елордадағы
жалғыз қазақ драма театры бұрынғы партия мектебінің акт залында орын теуіпті.
Осыдан отыз жыл бұрын жаңартылған техника жағы әлі де ақсап тұр. Сапалы кадрлар
саусақпен санарлық, себебі мықтылар ауылға келмейді. Тізбектелген түйткілдердің
жалғыз шешімі - жаңадан жазылатын пьесаларға қаламақы тағайындау деп есептейді
мәдениет қызметкерлері.
Әлия ӘШІМ