Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Корея мен ҚХДР басшылары бас қосты

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2014
  • 1307

Пханмунчжом қалашығы - екіге бөлініп кеткен бауырлас корей мемлекеттерінің келісім жасайтын тарихи орны. Арада жеті жыл өткенде бүгін алғаш рет екі елдің ресми өкілдері осы қалашықта бас қосты.

Сеул тарапынан Ұлттық қауіпсіздік кеңесі хатшылар алқасының басшысы келді. Ал Пхеньяннан осы көрші мемлекетпен келісім мәселесін сан рет талқылаған, Біріккен фронт басшысының орынбасары қатысты. Қос тараптың нақты қандай мәселе қозғайтыны әзірге белгісіз.

Оңтүстік кореялық бұқаралық ақпарат құралдарының болжауынша, Корея соғысында бөлініп кеткен отбасы мүшелерінің бір-бірімен кездесуі талқыланбақ. Ал сарапшылар болса, Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың біріккен әскери оқулары жайлы сөз қозғалады деп отыр. Өйткені, бұл шара Пхеньянды мазалаған басты мәселе екені белгілі.

Женева конференциясында Солтүстік Кореяның өкілі, тіпті, бұл біріккен әскери оқуды арандатушылық деп атады. Дегенмен, тағы бір жауапсыз қалған сауал бар, ол - Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы, бұл мәселені екі тараптың талқылауы әзірге белгісіз.

Сымбат МОЛДАТАЙ