Қазақстандағы төртінші мұнай
өңдеу зауыты Ақтауда салынуы әбден
мүмкін. Бұл туралы біздің арнамызға Маңғыстау облыстық әкімдігі хабарлады.
Олар тиісті құжатты Үкіметке жолдап қойғанын да алға тартады. Ал қара алтынды өңдейтін зауыттың бой көтеретін орны мен құрылысы жайлы нақты шешім
наурызда жарияланады.
"Ақтауда мұнай өңдейтін зауыт салынса" деген
мәселе сонау тоқсаныншы жылдардан бері көтеріліп келеді. Оған лайықты орындар
жетерлік. Соның бірі - «Маңғышлақ». Іргетасы қаланып үлгерген нысанда
сараптама жасалып, инфрақұрылымның бір
тармағы - темір жол салынып та қойған. Зауыттың
қуаттылығы жылына алты миллион тонна мұнай өңдеуге қауқарлы. Бірақ 34
миллион доллар жұмсалған соң, қаржы сұйылып, зауыт құрылысы кілт тоқтады. Енді араға 20 жыл салып Ақтаудан 43 шақырым жерде жатқан зауыт құрылысы қайта
жанданады деген болжам бар.
Киікбай Ырзаханов, ардагер
мұнайшы:
Бұл зауыттың пайдасы зор.
Мұнайды терең өңдесе, 90%-ға жуық бағалы металлдарды анықтауға болады. Олар
біздің Бозашы мұнай ошағынан шығады. Басқа да облыстар зауыт салуға өтініш
білдіріпті, бірақ оларға мұнайдың бір-біріне әбден араласқан нұсқасы жетеді.
Мәселен, ванадийдің өзі бағалы металл, сол үшін де зауытты Ақтауда салу керек
деп есептеймін.
Ақтау аймағы жылына 18 миллион
тонна мұнай шикізатын өндіреді. Бұдан бөлек, мамандар нарық заңын да ескеріпті:
егер зауыт Ақтауда салынса, елдегі төрт тарапқа да пайдалы болмақ.
Рахымбек Әміржанов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
Теңіз айлағы жақын. Мұның өзі
зауыттың экономикасына оң әсер етпек. Өйткені, теңіз арқылы мұнай өнімдерін
сыртқа шығаруға болады. Мәселен, Волга-Дон
каналы арқылы біз өнімді жер шарының кез келген нүктесіне жөнелте
аламыз.
Алма Айымқұлова, «Маңғыстау темір жол бөлімшесі» өндірістік-техникалық бөлімі басшысы:
"Бейнеу-Жезқазған" участогы бойынша былтыр
2013 жылы декабрь айында біз тікелей жол салып, Тассай стансасында екі жақты
қостық. Қазір сол линия бойынша техникалық машиналар жұмыс істеп жатыр. Кейін
жол қосылғаннан кейін жүк пойызымыз, пассажир пойызымыз жүретін болады. Сол
кезде біздің жаққа қарай жүру бағыты көбейеді.
2015 жылы Ақтауда "Бейнеу-Жезқазған" магистралінің құрылысы басталады. Яғни, бұл темір жол тасымалына жол
ашып, шығыстан батысқа жылжыған дәліз құрылмақ. Сонымен, болжам бар, ал нақты
шешім наурызда жарияланады.
Сымбат МОЛДАТАЙ