Ана өліміне жол берген дәрігерлер емтиханнан өтті. Астанада ағаттық
жіберген ақ халаттылар алғаш рет тәуелсіз сарапшылардан баға алды. Ал ақысыз
сынақта жүкті әйелдің рөлін роботтар атқарды. Жасанды адамдар кәдімгі науқастың
көңіл-күйі мен клиникалық жағдайын дәлме-дәл жеткізе алады.
Мұндай шараға
Елорданың бас перзентханасы мен нөмірі бірінші перзентханасының 12
акушер-гинекологы мен 8 реанимация дәрігері қатысты. Олар алғашында тест
тапсырып, кейін тәжірибелік сүзгіден өтті.
Тәуелсіз сарапшылар ретінде
денсаулық сақтау ұлттық палатасы, сарапшылар қауымдастығының мүшелері, медицина
мамандары мен депутаттар шақырылды. Емтихан соңында дәрігерлер топ-тобымен
кіріп, ұжымдық жұмыс бағаланды. Ал келесі аптада аталмыш орталық мектеп
оқушыларына алғашқы көмек көрсету дәрістерін өткізеді.
Гүлмира Жангереева, Астана қаласы тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының
директоры:
Дәрігерлердің шұғыл көмек көрсету кезіндегі алғашқы қызметін автоматты
түрде атқаратындай етіп дайындауымыз керек. Америка статистикасына сенсек,
босанар кезде қаза тапқан аналардың 98% алдын ала ауруханаға келіп
емделгендер емес, шұғыл түскен келіншектер. Сондықтан, сынақтың екінші кезеңін
әңгімелесу емес, әдейі тәжірибелік етіп өзгерттік.
Қаршыға Құлмұқанов, Астана қалалық мәслихатының депутаты:
Қазір оқытудың нәтижесін тексеріп, қаншалықты дәрігерлердің дайын екенін
анықтауға болады. Егер қателік жіберген жағдайда ол дәрігерлер осында қайта
тексеріліп, кейін қалалық оқу клиникалық орталығына барады.
Әлия ӘШІМ