Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында 40 шақты үй су астында қалды

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2014
  • 1658

Қызылорда облысындағы Жайылма ауылында 40 шақты үй су астында қалды. Қазір ондағы тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілген. Сондай-ақ Жаңақорған кентін де су басу қаупі бар. Жыл сайын жергілікті тұрғындарды әбігерге салатын Сырдария өзенінің тентек мінезіне биыл қар мен жаңбыр қосылды. Қаратаудан еріп аққан қар суы көшелерді көлге айналдырды. 


Аудан орталығындағы көшелер мен қора-қопсыны су басып қалды. Әзірге баспаналар аман. Халық үйге су кіргізбеу амалын жасап әлек. Дегенмен, үйінен шыға алмай отырғандар да бар. Олар жергілікті биліктің бейқамдығына ашулы.


Аманкелді Тұрсынбаев, Жаңақорған кентінің тұрғыны:


Бір көшеде үш жүз үйдей бар міне, судын астында тұрмыз мына. Әкімгершілік бұл жерді көрді, кетті, ештеңе істеген жоқ. "Өз күндеріңді өздерің көріңдер", - дейді. Болды. Халық міне, шулап жүр көшенің бойында.


Қаржыбек Бүркітбаев, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:


Сенің үйіңе керек болатын болса, өзің істеуің керек оның бәрін. Көшенің барлығы қазулы тұр. Үлгере алмай жатыр ғой.


Феруза Әміртағаева, Жаңақорған кентінің тұрғыны:


Жердің бәрі көл-дария, әйтуір тамның ішінде аман-есен. Әйтеуір Алла жанымызды сақтасын деп отырмыз.


Билік топан су Сырдариядан төнеді деп қауіптенген. Өзеннен бұрын таудан аққан қар суы халықты әбігерге салды. Дегенмен аудандық қазынада мұндай төтенше жағдайға қаражат қаралған. Олар техника әкелу қарекетін қарастырып жатырмыз дейді.


Қаржыбек Бүркітбаев, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:


Төтенше жағдайға 13 миллион ақша бар. Соны кешеден, алдыңғы күннен бері жұмсалып жатыр. ЧС- те 13 миллион ақша тұр. 7 миллион алдын-алу шараларына, соның бәріне жұмыс жасалып жатыр.


Дегенмен, Жаңақорғанға төнген қауіп сейілер емес. Бір ғана аудан орталығында 35 мыңдай халық тұрады. Ал Шалқия, Ақұйық елді мекендеріндегі жағдайы тіпті қиын. Қазір ауданға аймақтың барлық төтенше жағдайлар жөніндегі күштері тартылып жатыр. Жағдайды аз да болса, қайта келген суық жеңілдетті. Алайда ауа-райын болжаушылардың дерегіне сенсек, апта аяғына қарай аймақта күн қайта жылынады.


Шарипа САҚТАПОВА