Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 101 жастағы әжей мемлекеттен баспана алуға кезекке тұрды

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2014
  • 1411

Ақтөбеде ғасыр жасаған әжей мемлекеттен баспана алуға кезекке тұрды. 101 жастағы Қымбат Ізімова өткен жылы ауданнан облыс орталығына жиендерімен бірге көшіп келген. Саяжайға үй салып, бірнеше отбасы тұрып жатыр. Тек өркениеттен жұрдай жерде тұру қарияның қабырғасына батып тұр. Шенеуніктер зейнеткерге міндетті түрде пәтер береміз дейді. Тек кезегі жеткен мезгілде.


Жасы жүзді еңсерген Қымбат әжейдің бүгінгі ермегі - шөберелері. Қарттық белең алып, жанары нашарлағанына қарамастан асық иіріп, кішкентайларына ертегі айтып беріп жүр. Бүгінге дейін баспанаға кезекке тұру қаперіне де келмеген. Тек соңғы уақыттары жүріп-тұруы қиындапты. Немерелерінің күшімен салынған үйде жағдай жоқ. Сондықтан от жақпайтын, суы дайын, жүріп-тұруы ыңғайлы пәтер сұрауға мәжбүр.


Қымбат Ізімова:


Қолыңды жуасың жылы жерде. Оған жете алмай қасқайып жүрмін ғой. Ондайды осы үкімет қарасады ғой, береді ғой деп ойлаймын ғой. Неге ойламайын, жаным. Жасым да келіп қалды.


Қымбат әжей өткен күнін ұрпағына өнеге етеді. Шалын соғыс жалмап, ертеден жесір қалған. Тыл ардагері. 39 жасында жалғыз қызы дүние салып, 6 жиен немересін жеткізген. Қазір сол немерелерінің бірінің қолында. Бір шаңырақтың астында 14 адам күн кешуде.


Бибатпа Әбдіразақова, Қ. Ізімованың жиені:


Басшыларға барсам, айтқандары болды, енді атап айтпай-ақ қояйын, неге қарттар үйіне бермейсің деп. Ол қарттар үйіне мен баяғыдан бағып, сүйретіп келіп, енді жаман қойдың жасындай да жасы қалмаған шығар. Оны мен қарттар үйіне тапсыратын жағдайым жоқ. Жұртқа күлкі болып. Басыбайлы сол кемпірдің арқасында үй алып алайын деп жатқан жоқпын. Маған тек уақытша жуындырып, дәретке отырғызатын жер болса деп.


Өткен жылдың қазан айында Қымбат әжей зейнеткер ретінде пәтер кезегіне тұрған. Әлеуметтік әлсіз топ қатарына жатқызылыпты. Жүз жасаған кейуана бұл тізімдегі ең үлкені әрі соңғысы болып тұр. Дегенмен ереже баршаға ортақ. Сондықтан Қымбат әжейден бұрын 9 372 азаматқа баспана кілті табыс етілуі тиіс.


Жанаргүл Дүйсекенова, Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі:


Егер де осындай құжаттар болғанда, әрине, соғысқа теңестірілген азаматтар есебіне қоя алатын едік. Бірақ та ол да осы үлкен топқа кіреді. Ол да қазіргі таңда 9 373-і болып тұратын еді.


Қымбат әжейдің қашан баспаналы болатындығы белгісіз. Қала бойынша жылына қанша адам баспанаға қол жеткізетіні туралы статистика жоқ болып шықты. Сондықтан тұрғын үй қорындағы мамандар қай жылы кезегі келетінін де шамалай алмады.


Мансұр ЕСҚОЖИН