Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауруханада жоғалған науқастың мүрдесі ауладағы қар астынан шықты

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2014
  • 1209

Ауруханада жоғалған науқастың мүрдесі ауладағы қар астынан шықты. Арнамызға астаналық Жанатқали Сағынбаев есімді азамат шағымданды. Белгілі болғандай, ол осыдан бір ай бұрын өз ағасын ауруханаға орналастырған. Алайда бір күннен кейін дәрігерлер ағасы емдеу орталығынан қашып кеткенін хабарлапты. Жоғалған пациентті тәртіп сақшылары да жиырма күннен астам іздестірген, бірақ нәтижесіз. Ал кеше аурухана ауласын қардан тазалаушылар науқастың мүрдесін тауыпты. Шытырман оқиға туралы - Жұрағат Баман толықтырады. 


Мәселенің мән жайын тарқатсақ, Бақытжан Орынбаев есімді азамат бір ай бұрын болмашы күйікпен ауруханаға түседі. Бауырының айтуынша, оны дәрігерлер қабылдап алған. Тіпті қажетті медициналық тексеруден өткізген. Алайда сол күні екі сағаттан кейін дәрігерлер өздері хабарласып, науқастың жоғалып кеткендігін баяндаған. Өз беттерінше іздестіру шаралары нәтиже бермеген. Дәрігерлердің бұндай салғырттығына шағымданған інісі өткен аптада біздің арнамызға келіп көмек сұраған-ды.


Жанатқали Сағынбаев, Бақытжан Орынбаевтың ағасы:


Ол бір күйікке бола мүмкін емес қой қашып кетуі. Өзі жатам, емделейінші деп келген адам. Бәріне жаздым арыз, енді оның бәрінен маған нақты жауап келген жоқ.


Арада бір ай өтті. Жоғалған адам табылды. Бірақ ауруханада емес, моргта болып шықты.


Жанатқали Сағынбаев, Бақытжан Орынбаевтың інісі:


15 ақпан күні телефонға звондап осындай кісілеріңіз табылды деді. Содан кейін біз "больницаға барайық па" деп едік, "жоқ, моргқа кел" деді. Сонан кейін барсақ, иә, ол біздің туысымыз екен.


Кейіннен науқастың белгісіз жағдайда аурухананың терезесінен құлап қалғандығы белгілі болды. Туыстарының болжамы бойынша, ол қатты аязда қатып қалу салдарынан қайтыс болған. Бауыржан Орынбаевтың мүрдесі аурухана аумағындағы қарды тазалау кезінде табылған.


Жанатқали Сағынбаев, Бақытжан Орынбаевтың інісі:


Моргқа барғанымда "жиырмасына дейін ериді" дейді. Мұз болып қатып қалған, "сүйегіне дейін қатып қалған" дейді ғой. Сол жиырмасында сараптама жасаймыз.


Астанадағы бірінші қалалық емханаға барған біздің түсірілім тобы бас дәрігерді орнынан таппады. Аурухана қызметкерлері дәрігердің жиналыста екенін жарыса айтты.


Осылайша қамқорлық сұраймын деп қайғылы оқиғаға тап болған отбасы енді әділдік іздеуде. Осы ретте біздің арна мәселенің мән жайын анықтау үшін Ішкі істер органдарына арнайы сұраныс жіберген еді. Алайда бүгін бізге Астана қалалық Ішкі істер департаментінен жазбаша түрде құрғақ жауап келді. Іс қозғалған, жедел тергеу жалғасып жатыр деген.


Жұрағат Баман