Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе іргесінде жаңадан салынған ауылдық амбулатория қирап жатыр

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2014
  • 1232

Ақтөбе іргесінде жаңадан салынған ауылдық амбулатория қирап жатыр. Емдеу орнының ел игілігіне берілгеніне әлі 2 ай бола қоймаған. Бірақ қабырғалары қақырап, сыртқы есігі жабылмай қалыпты. Жергілікті халық жаңа нысанды адам өміріне апатты деп дабыл қақты. Оқиға орнына барып қайтқан тілшіміз Мансұр Есқхожин аянышты хәлге түскен емдеу орнын көзбен көрді.


Ақтөбенің іргесіндегі Қызылжар ауылындағы адам саны бүгінде 2 мыңға жуықтайды. Жыл соңында пайдалануға берілген емдеу орталығы былтыр 30 желтоқсанда алғашқы науқастарды қабылдаған. Сырты бүтін болғанымен, ішіндегі қолаңса иіс қолқаны қабады.


Лиза Елеусізова, Қызылжар ауылының тұрғыны:


Біз қалай емделеміз? Қалай енді осындай жағдайда. Қалай болады? Келгенде адамға ыза, өзіміз жөтеліп жүрген адамдар, ауру табатын шығармыз деп ойлаймын. 2-3 жылдан кейін құлап қалатын шығар.


Едендегі төсеніштерді де жаңа деп айтуға ауыз бармайды. Бас дәрігер ғимараттың құрылысына облыстық бюджеттен 30 млн теңгеден астам қаражат бөлінді деп отыр. Аурухана қалтасынан да құрал-жабдықтарға аз ақша жұмсалмағанын айтты.


Сәкен Қапанов, Қарғалы ауылдық ауруханасының бас дәрігері:


Мебель алдық ішіне. Сосын минималды керек жұмыс жасайтын құрал жабдықтар алдық. 500-600 мың теңгеге. Қалған құрал жабдықтарды алдағы уақытта аламыз.


Дәрігердің қандай жиһаз алғанын кім білсін? Санаулы үстелдер мен  медицинаға қажетті құрал-жабдықтар ғана көзге түсті. Облыстың бас дәрігері болса, «ғимараттың сапасыздығы құрылыс басқармасына сын» деп отыр. Жаңа нысанды қабылдаушылардың арасында денсаулық сақтау басқармасынан адам болмады дейді. Осы олқылықтың соңы сапасыз құрылысқа әкелгенін айтты. 


Қайрат Сабыр, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі:


Осы құрылысқа 2 жылға мердігер кепілдеме берді. Қандай кемшілік болса, ол бәрін қайтадан орнына қою керек. Сондықтан осы мердігерге біз көптеген шаралар қолданамыз.


Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, құрылысқа жауапты мекемеге «кем-кетікті жөндеу қажеттігі туралы» хат жолданған. Әзірге жауап жоқ. Дәрігерлер мен медбикелердің қағаздарын қашанғы жерге жайып жүретіндігі де белгісіз. Жағдай жасалмаған жерде сапа туралы әңгіме айтудың өзі артық болар.


Мансұр ЕСҚОЖИН