«Науқастың жоғалып кетуіне аурухана дәрігерлері жауапты емес». Осындай пікірді ұстанған қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы Астанадағы №1 аурухана қызметкерлеріне шаң жуытқысы жоқ. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, осы емдеу мекемесінен жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен пациенттің мәйіті ауладағы қар астынан табылған.
Айгүл Сегізбаева, Астана қалалық денсаулық сақтау
басқармасы басшысы:
Дәрігерлердің кінәсі жоқ. Оған көмек көрсетіп, ауруханаға жатқызды. Өз
міндеттерін ойдағыдай орындады. Мұнда науқастың жауапкершілігі де болу керек
қой. Дәрігер оның қайда баратынын қадағалауға міндетті емес.
Еске салайық, Бақытжан Орынбаев
есімді азамат бір ай бұрын болмашы күйікпен ауруханаға түседі. Бауырының айтуынша, оны
дәрігерлер қабылдап алған. Тіпті қажетті медициналық тексеруден өткізген.
Алайда екі сағаттан кейін хабарласқан ақ халаттылар науқастың жоғалып кеткенін
айтады.
Өз беттерінше іздестіру шаралары нәтиже бермеген. Жоғалған азаматты
тәртіп сақшылары да жиырма күннен астам іздеді. Ал арада бір ай өткенде
Орынбаевтың мәйіті аурухана ауласындағы қар астынан шықты. Емдеу орталығы
өкілдері оқиға орнында біздің тілшілерге жауап беруден бас тартты.{.+ШУ }
Базаргүл ОТЫНШИЕВА