Русский Сайттың толық нұсқасы

Осы тәулікте Украинада 25 адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2014
  • 1176

Осы тәулікте Украинада 25 адам қаза тапты. Елдің ішкі істер министрлігі әзірге осындай мәлімет таратты. Оқиға орнында журналистер де опат болуда. Түнде «Вести» газетінің тілшісі Вячеслав Веремей ажал құшты. Біршама уақыт тынышталған Майдан бір-ақ күнде бұрқ етті. Бүгінде Киев орталығы соғыс алаңына айналған. Өзге де қалаларда жағдай ушығып барады. Львовтық мыңдаған белсенді қару-жарақты иелену үшін, ішкі әскер ғимаратына басып кірді. Шарықтау шегіне жеткен Майданды шын мәнінде кім басқарып отыр?


Көрікті Киевтің бүгінгі келбеті осы. Консерватория ғимараты бықсып жатыр, күні бұрын жеті адам опат болған «Кәсіподақтар үйі» жермен жексен. Көк түтін, қоқыс, полициядан көз сүрінеді. Кеше Жоғарғы Радада 2004 жылғы конституцияға қатысты талқылау өтпей қалды. Сөйтіп, кешкісін қанды-қырғын басталып кетті. Майданнан қозғалған топ Парламентке тартты. Жолшыбай милияцияға тас атып, көліктерге от қойды. Тәртіп сақшылары болса, наразы топқа көз жасаурататын газ бен резина оқ жаудырған. Жедел жәрдем тынымсыз жұмыс істеді. Ақпарат құралдары ереуілшілердің де қару қолданғанын жарыса жазуда.


Бұл Львовтағы прокуратура ғимараты. Түнде мұнда да бірнеше әкімшілік мекеменің тас талқаны шықты. Бүлікшілдер қылмыстық іс құжаттарын қасақана терезеден сыртқа лақтырған.


Михайло, Киев тұрғыны:


Бұл соғыстың кезекті раунды. Аймақтар, ауылдар, аудандар да қосылады. Біз отқа орансақ та, әділдікті талап етеміз. Жоғалтатын ештеңеміз қалмады. Басқа барар жеріміз жоқ.


Билік пен оппозиция мәмілеге келе алмады. Десе де, Президент Виктор Янукович кезекті рет оппозицияға басу айтуға тырысты.


Виктор Янукович, Украина президенті:


Тағы да қайталап айтамын. Қақтығысты тоқтатуға әлі де кеш емес. Иә, өлгендер қайтып оралмайды. Билікке ұмтылған адамдардың араны, бізге арзанға түскен жоқ. Бұдан бетер болмасын десек, естеріңді жиыңдар!


Жағдай бұлайша өзгереді деп ешкім болжамаған. Тараптар ымыраға келетіндей сыңай танытқан еді. Наразы топты сабасына түсіру үшін, билік біраз нәрседен бас тартты. «Рақымшылыққа» келісті, Премьер Азаров отставкаға кетті. Десе де, «қанды сейсенбі» орнады. Еуромайдан тізгіні оппозицияның уысынан шығып кеткенге ұқсайды. Қарсылық танытушылар кімді тыңдайтыны түсініксіз.


Айта кетері, жуырда «Коммерсантъ» Ресей Президентінің кеңесшісі Сергей Глазьевтің мәлімдемесін жариялады. Ол «Майданды қаруландыруға АҚШ аптасына 20 миллион доллар жұмсайды. Америка елшілігі аумағында содырлар жаттығады» деген.


Кость Бондаренко, сарапшы, Украина саяси институтының жетекшісі:

Қаруланған белсенділер қоғамдық орындарды, кеңселерді, тұрғын үйлерді басып алуда. Зәресі ұшқан тұрғындар терзеден секіріп жатыр. Бұл қалада төтенше жағдай жариялап, Киевке әскер тартуға әкелуі ықтимал. Қақтығыс тым созылып кетті, енді оны бейбіт жолмен шешу қисынсыз секілді. 


Шенділер ереуілшілер ұстанымы радикалды десе, оппозиция бәріне билікті кінәлауда. Ал сарапшылар Киевтегі қырғын мәселенің бейбіт жолмен шешілмейтінін көрсетті деп санайды. Бітімге келу үміті күннен күнге сөніп барады. Кедендік одақ, Еуроодақ мәселесі де тасада қалды. Қақтығыс басқа арнаға ойысып кеткен сыңайлы. "Жалғаса берсе, - дейді бақылаушылар, - түбі төңкеріске әкелуі мүмкін".


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ