Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қала халқының алдында есеп берді

  • AstanaTV
  • 20 ақпан 2014
  • 1534

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қала халқының алдында есеп берді. Алып шаһарды 6 жыл қатарынан басқарып келе жатқан әкім өткен жыл алматылықтар үшін табысты болғанын атады. Десе де, қалада қордаланған проблемалар жетерлік. 


Әкімнің өткен жылан жылына жасаған қорытындысы мен алдағы жоспарларын білуге келген халықта сан жоқ. Тіпті қаптаған қалың күзетшілер артық адамдарды ішке кіргізбей, 9-00-де есіктерді тарс жапты.


Ал есеп беру жиынына бір сағатқа жуық уақыт кешігіп келген әкімнің мемлекеттік тілде амандасқаны болмаса, қалған баяндамасын тек орыс тілінде жалғастырды. Оның ең алғашқы жағымды жаңалығы көгілдір отынға қатысты болды. Осы жылдан бастап, тұтынушылар көгілдір отынды қостыруға қажетті 300 мың теңге қаржыны бөліп төлеу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, өткен жолы жарылған жылу құбырынан сабақ алған қала басшысы, шаһардағы жер асты жылу құбырларын жаңартып жатқандығын айтты.


Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:


Осы уақытқа дейін біз ұзындығы 100 шақырым болатын құбырды ауыстырдық. Оның әлі жеткіліксіз екені түсінікті. Тұрғындар жаз маусымында тас жолдарды қазып, құбыр ауыстырсақ шағымданып жатады. Қыс уақытында жылу құбырлары жарылып қалып жатады.


Әкімнің баяндамасынан кейін жиналған жұрт көкейдегі сұрақтарға жауап алуға тырысты. Оларды тұрғылықты жерлеріндегі проблема мен баспана, жер телімдерін алу сынды мәселелер толғандырды. Тіпті қызыл сызықтан асып, заңсыз орналасқан базарлардың сатушылары да осында жиналған.


Куда я дену свой товар? И что вы можете предложить мне завтра?


Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:


Егер біз заңсыз орналасқан базарыңызды бұзбай, көз жұма қарасақ, сауда орындарынан айырылған басқа сатушылар наразы болады. Сондықтан барлығы заң негізінде шешілсін.


Бұдан кейін қала басшысының осы жылға арналған міндеттері айқындалды. Олардың бірі - инфляция деңгейін 6-8% аралығында ұстап тұру. Сонымен бірге инновациялық-индустриялық салада 10 жаңа өнеркәсіп орнын салу да басты міндеттердің қатарында. Айта кетейік, 2014 жылды қала басшысы «Білім жылы» деп жариялады.


Досжан МАРАТҰЛЫ