Ісіне салғырт қараған ақ халаттылар
енді сот алдында жауап береді. Бұл Астанадағы №1 аурухананың қызметкерлеріне
қатысты Ішкі істер департаменті тарапынан қабылданған шешім.
Естеріңізде болар, емделу үшін келген
44 жастағы Бақытжан Орынбаев із-түссіз жоғалып кетіп, ақыр соңында өлі күйінде
сол мекеменің ауласынан табылған еді. Оны 17-ші ақпан күні арада бір ай өткенде
коммуналдық мекеме қызметкерлері аурухана терезесінің түбінен тапқан.
Орынбаевтың туыстарының айтуынша,
марқұм 19-шы қаңтар күні қолындағы күйік жарасының асқынуына байланысты
ауруханаға жатқызылған. Бірнеше сағаттан соң
аурухана қызметкерлері оның туыстарына қоңырау шалып, пациенттің қашып кеткенін
айтыпты. Дәрігерлер бұл жағдайды «санитар қыз Орынбаевты лифтке әкелген кезде
оның ізім-ғайып болғанымен» түсіндірген. Орынбаевтың туыстары осыдан
кейін полицияға хабар берген.
Енді Астана қаласының ішкі істер департаменті
Қылмыстық кодекстің 114-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады. Яғни, медицина
қызметшілері кәсіби міндетті тиісті деңгейде орындамау дерегі бойынша жауапқа
тартылады деген ақпарат тарап жатыр.
Сымбат МОЛДАТАЙ