Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда «Қолжетімді баспана» бойынша салынған нысан жылу желісінен ажыратылған

  • AstanaTV
  • 21 ақпан 2014
  • 1528

Павлодарда бүтін бір көпқабатты жаңа үй жылудан қағылды. «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған нысан мұз құрсауында қалды. Анықталғандай, монополистер тоғызыншы қаңтарда қордаланған қарызы үшін 72 пәтерлі баспананы жылу желісінен ажыратқан. Бірақ «Павлодарэнергосбыт» АҚ-ның бұл әрекетін жергілікті билік араға ай салып қана естігендерін айтады. Шұғыл жұмыс тобы құрылғанмен, жағдай ушығып кетті. Қазір қатып қалған батареялар жұлынып, еден жабындысы аршылып жатыр. Сөйтіп, дайын пәтерлерде қайта құрылыс жұмыстары басталды.


Билік пен монополистердің өзара кикілжіңінің кесірін қарапайым қара тартып отыр. Су жаңа 72 пәтер қазір жылу желісінен ажыратылған. Оның үстіне суы ағызылмаған батарейлер мұздай болып, қатып қалған. «Қол жетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы арқылы су жаңа пәтерге ие боламыз деген тұрғындар енді қоныс тойын қашан тойлары беймәлім.


Наурызда жаңа пәтеріне көшуді жоспарлаған жанның бірі Маржан Бағзикова. Арман болған пәтерге ол қаражатты 2006 жылдан бері жинаған. Тіпті былтыр 1 желтоқсанда облыстың экс-әкімі Ерлан Арынның қолынан пәтер кілтін салтанатты жағдайда қабылдаған. Бірақ банк рәсімдеу шаралары аяқталған соң, көктемде кіресіз деп тоқтатқанын айтады. Дегенмен оның қуанышы су сепкендей басылды.


Маржан Бағзикова, Павлодар қаласының тұрғыны:


Есеңгіреп қалдым. Жылап та алдым. Наурыз айын балаша күттім. Міне-міне деп. Енді не болмақ? Не істейміз, кімге барамыз? Кімді кінәлаймыз?! Егер сот процесі басталса, қашан пәтерімізге кіретініміз белгісіз.


Қалалық құрылыс бөліміндегілер жағдайды кеш білдік деп ақталды. Айтуларынша, «Павлодарэнергосбыт» АҚ тұрғын үйді жылудан ажырату туралы ескертпе жасамаған. Хаттың болғаны рас. Бірақ ол 24 желтоқсанда түскен көрінеді. Ережеге сәйкес бір ай уақыт беріледі. Тек монополисттер белгіленген мерзімді ескермей, жылуды екі апта бұрын тоқтатып тастаған. Сондағы негіздеме - 145 мың теңгелік қарыз.


Ертарғын Шахман, Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:


145 мың деп айтады олар. Сол үшін бүкіл дөкей үйді, үкімет бағдарламасы үйін кесіп тастап отыр ғой бұлар. 145 мың дейді, бірақ 145 мыңның не счет-фактурасы жоқ, акті жоқ. Мен қалай оны төлеймін.


«Павлодарэнергосбыт» АҚ болса, өз әрекетін заңға сай деп отыр. Үш жақты келісімге сәйкес, әкімдік тиісті міндеттемесін орындамаған. Борыш жабылмады. Керісінше, қордалана түсті. Сондықтан қатаң шара қолдануға тура келген.


Асқар Шөмшеков, «Павлодарэнергосбыт» АҚ баспасөз хатшысы:


Бұл ешқандай ережеде көрсетілмеген. Біз өз құзырлығымыздың шеңберінде ағытып тастаймыз. Желтоқсанның 24 індегі жағдай бойынша 147 мың, ал ажыратылған кездегі сумма 800 мыңға жуық, дәл қазіргі уақыттағы қарыз 1 млн 71 мың теңге.


Тұрғындарды қабылдауға сақадай сай тұрған пәтерлерде қазір қызу жұмыс. Қатып қалған батареялар жұлынып, еден жабындылары жиналып жатыр. Мұздаған қондырғылар жарамсыз болып қалды. Ал жаңасын алуға қаражат жоқ. Сондықтан құрылыс бөлімі монополисті сотқа беруге құжаттарды әзірлеуде.


Әсемгүл Мұхитқызы