Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысы көктемгі топан судан қауіптенеді

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2014
  • 674

Ақтөбе облысы көктемгі топан судан қауіптенеді. Өйткені, аймаққа биыл түскен қар өткен жылдармен салыстырғанда тым қалың, 254%-ға көп. Осыған орай облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне жағдайды бақылауға алуды тапсырды. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында Ақтөбеден 115 мың тоннаға жуық қар шығарылған. Дегенмен, кейбір аудандарда әлі күнге дейін тау боп үйілген қардың биіктігі бірнеше метрге жетеді.

Әзірге арнайы техника орталық көшелерді ғана тазалап жүр. Көшелердегі үйілген қар бір мезетте еріп кетсе, өзендердің аңғарлары былай тұрсын, шаһардың ортасына да қауіп төнуі ықтимал. Дегенмен, жауапты шенеуніктер облыс әкімінің алдында көктемгі науқанға дайынбыз деген есеп берді. Облыс жетекшісі қауіп төндірер аймақтарды аралап, суағарларды алдын ала даярлауды тапсырды.

Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:

Бүгіннен бастап жанар-жағармай, инерттік заттар, азық-түлік және тағы басқаларының қорын даярлау қажет. Қаржыны дайындыққа жұмсаған дұрыс, артынан қираған үйлерді жөндеп жүргеннен. Жолдар мен басқа да байланыс тараптарын шайып кетпесін. Төтенше жағдайдың алдын алуға қаражатты аямау қажет.

Мансұр ЕСҚОЖИН