Русский Сайттың толық нұсқасы

Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері - Денис Тен елге оралды

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2014
  • 1445

Бүгін таңға жуық Сочи олимпиадасының жүлдегері - Денис Тен елге оралды. Ол Мәскеу-Алматы бағыты бойынша ұшып келген рейспен Алматы қаласына келіп қонды. Алматы халықаралық әуежайынан қысқы олимпиаданың қола жүлдегерін журналистер еріктілер мен туған-туыстары күтіп алды. Жеңімпаз мінген ұшақ бір сағатқа кешігіп келді, алайда бұл жағдай оны күтіп тұрған қауымға кері әсер еткен жоқ. Журналистер үшін арнайы баспасөз мәслихатын өткізген мәнерлеп сырғанаушы өзінің жеңісіне қанағаттанатынын мәлімдеді.

Жарыс барысында төрешілердің ешқайсысына реніші жоқтығын, ал қола медальдің лайықты баға екенін айтты. Әуежайдан ата-анасымен бірге үйіне қарай бет алған спортшыны біраз тыныққан соң, арнайы кесте бойынша бірнеше кездесулер күтіп тұр. Күндізгі сағат 16:00-де Денис Тен «Медеу» мұз айдынында Алматы жастарымен жүздеспек.

Денис
Тен, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері:

Әрине, менде жарыс кезеңінде ылғи қобалжулық болды. Мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері ретінде жауапкершілікті мойныма алып бардым. Алғашқы кезеңде мен сәтсіздеу өнер көрсеткенімен, екінші рет бар күшімді жинап, жақсы сырғанауға тырыстым. Алған жарақатыма қарамастан өз алдыма қойған мақсатты бағындырдым. Мен үшін бұл үлкен жетістік деп санаймын.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ