Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңіріндегі Қостанай ауданында жеке емхана жұмысына тұрғындар риза емес

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2014
  • 1630

Тобыл өңіріндегі Қостанай ауданында мемлекеттік аурухананың аты бар да, заты жоқ. Емхана ұжымы 15 жылдан бері жекенің ғимаратын қыруар қаражатқа жалдап келеді. Ал жергілікті тұрғындардың жекеменшік нысанға көңілі толмайды. Көпшіліктің айтуынша, мұнда лифт, жеке кабинеттер мен балалар бөлімі жетіспейді.

Кезінде демалыс орны болған бұл ғимарат, иесіне жыл сайын 5 миллион теңге пайда әкеліп тұр. Жекенің қолындағы нысанның үш мың шаршы метрін Қостанай аудандық ауруханасы жалдап келеді. Қалған бөлігінде «Затобол медицина орталығы» орналасқан. Бір ғимаратқа қос мекеменің орналасуы өте қолайсыз дейді, - дәрігерлер мен науқастар.

Бақытгүл Өтебекова, Қостанай аудандық ауруханасының Бас дәрігері:

Лифт жоқ. Блоктарға кіретін жеке есіктер қарастырылмаған. Ғимараттың тар екендігін тұрғындар үнемі ескертеді. Медицина қызметкерлеріне қолайсыз.

Мына ғимарат тар.
Әрине, мемлекеттік емхана болғаны дұрыс ғой. Кейде кезекте көп тұрып қаламыз.

Бүгін, міне аяғым ауырып, келдім қаралуға. Лифт жоқ, екінші этажға әрең көтерілдім. Жаңа аурухана болса жақсы бола ма деп ойлаймын.

Қостанай ауданы аймақ бойынша арнайы аурухана ғимараты жоқ жалғыз елді мекен. Бұл мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірнеше жыл бойы көтеріп, тіпті жаңа емхана салуға шамамен 1 миллиард 700 мың теңге қажет екендігін де есептеп қойыпты.

Мереке Райымбеков, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

Құрылыс басқармасымен бюджеттік бағдарлама бойынша бюджеттік бағдарламаның әкімшісі ретінде осы жобалық-сметалық құжатарды әзірлеуге қаражат бөлу мәселесін қарастыру бойынша бюджеттік комиссияға жолдау хат жоладық. Құрылыс 2016 - жүргізіледі деп жоспарлануда.

Құрылыстың басталмауына тағы бір мәселе қол байлау болып отыр дейді, - Қостанай ауданының басшылары.

Қостанай аудандық әкімдігі жаңа нысанның құрылысына дәл осы аумақты бөлген. Алайда жер телімі жеке кәсіпкерге тиесілі болып шықты. Жергілікті билік өкілдері бір жыл бұрын ауданаралық экономикалық сотқа жүгініп, белгіленген жерді мемлекет иелігіне қайтарып алмақ болған. Бірақ сот әлі күнге дейін шешім шығарған жоқ.

Фрунзик Аракелян, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

Жер телімі бойынша үш адаммен келісімге келдік. Екеуі жер телімдерінен бас тартты. Біреуіне басқа жерден бөлетін болдық. Ал кәсіпкерге тиесілі үлесті сот арқылы тәркілеп алмақпыз.

Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері екі жылдан кейін аудан орталығында су жаңа емхана бой көтереді деген сенімде. Бұған дейін жекеге тиесілі жер телімі де мемлекет иелігіне қайтарылмақ. Тек осы уақытқа дейін жекенің ғимаратын жалдауға 10 миллион теңге бөлінсе болғаны.

Заңғар САНАЙ