Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда үндіске сатылған жер телімі мемлекетке қайтарылмақ

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2014
  • 1958

Жайық өзенінің жағасынан үнді азаматына сатылған жер телімі мемлекетке қайтарылмақ. Атыраулық табиғат қорғау прокуратурасының талап арызы қанағаттандырылды.

Естеріңізге салайық, біздің арна су қорғау белдеуі аумағындағы жер телімінің шетелдікке сатылып кеткені туралы айтқан.

Облыстық табиғат қорғау прокурорының дерегіне сенсек, 2012 жылы қала әкімі болған Асқар Керімов 1 мың 439 шаршы метр аумақты 3 млн теңгеге саудалаған. Алайда су ресурстарын пайдалануды реттеу жөніндегі инспекцияның келісімі болмапты. Талап бойынша су айдынынан 35 метр жерге дейін ешбір құрылыс салуға болмайды. Ал үндістандық азамат иеленген жер Жайықтан 14 метр қашықтықта ғана. Әрі шетелдік 2019 жылға дейін Қазақстанда тұруға рұқсаты бар азамат болып шықты.

Асылбек Мұқанов, Атырау облыстық табиғат қорғау прокурорының орынбасары:

Атырау қалалық сотының шешімімен мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талап арызы толығымен қанағаттандырып, Али Кояға берілген жер телімін заңсыз деп тану туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта шешім заңды күшіне енген жоқ. Шетелдік қонақ олжадан оңайлықпен бас тартпайтын сыңайлы. Сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіріп үлгеріпті.

Базаргүл ІЗІМОВА