Русский Сайттың толық нұсқасы

Тасқын судан зардап шеккен Қызылорда облысының тұрғындарына көмек көрсетіледі

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2014
  • 936

Тасқын судан зардап шеккен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғындарына көмек көрсетіледі. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев төтенше оқиға орын алған аймаққа жасаған сапарында осылай деп уәде берді. Ал халықпен дөрекі сөйлескен аудан әкімінің орынбасары қатаң ескерту алған. Көктемгі судан қауіп жоғары. Сондықтан жауапты қызметкерлердің барлығы тәулік бойына жұмыс істеуге көшті.


Апат айтып келмейді. Сырдариядан қауіптеніп, Қаратауға көңіл бөлмеген мамандар бүгін көптің алдында осылай ақталды. Көлік пен жұмыс күштерін осал жерлерге көшіру әрекеттері де уақыт алғанын айтады. Айта кету керек, таудан аққан қар суынан апатты жағдайдың қалыптасуы аудан тарихында бұрын болмаған.


Әділхан Қарлыханов, Арал-Сырдария бассейндік су шаруашылығы инспекциясының бастығы:


Келешекте осы қалыптасқан жағдайды болдырмас үшін жоғарғы жақтан, таудың беткейінен келетін суды басқа жаққа, басқа арна - қазыл система жасап төменгі жақта «Қанды арал» деген көлдік жүйе бар, көлдерге жіберу керек. Соған жұмыс жасалып жатыр.


Топан судан зардап шеккендер де бар. Бүгін сарапшылар екі үйді апатты деп таныды. Қалған үйлерге де зерттеу жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысының айтуынша, көмек зардап шеккендердін барлығына көрсетіледі.


Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:


Зиян тиген екі үйді су басып кеткен. Ішінде мүгедегі бар екен, оған бюджеттен тыс мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тиісті көмек жасалынсын. Біздер де актімен бәрін бітіргеннен кейін заңның талабына сәйкес ұсыныстар берсеңіз, қанша қаражат керек, бәрін шешіп береміз. Ол жағына облыстан көмек көрсетіледі.


Жәнібек Тоқбатыров, Жаңақорған кентінің тұрғыны:


Алдыңғы жылы салған тамым, қабырғалары, көріп тұрсыздар, құлап тұр. Ертең бұл құлап жатса, кім көмек береді бізге, бір Құдай біледі оны.


Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік қызметкерлердің этикасынан дәріс оқыды. Қандай жағдай болмасын, шенеунік Қазақстан азаматының ар-намысын таптауға құқығы жоқ-екенін еске салды.


Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:


Қатаң ескертемін, елмен, қазақ халқына барлығын сыпайы түсіндіріп айтуға болады, түсінеді халық. Жекіріп сөйлемендер.


Дегенмен, басқа ауылдарға төнген қауіп сейіле қойған жоқ. Мысалы, Бірлік ауылына.


Әріпбек Асанов, Бірлік ауылының тұрғыны:


Қауіп әлде де бар. Тауда қар деген көп. Бізге су сол жақтан келеді. Жаңбыр жауса, алып кетуі мүмкін. Қауіппен отырмыз. Күндіз-түні кезекшілікпен қараймыз. Әкімшілікте отырамыз.


Қаратаудан еріп аққан қар суының арнасын басқа жаққа бұрылды. Қазір көшелерге топырақ себіліп, құрғатылуда. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Аймақтың оңтүстігінде күн 20 градусқа дейін жылынады деген болжам да бар. Демек, таудағы қар суының сайдағы ауылдарға жылғалап ағуы әлі де мүмкін. Сырдарияның көктемгі тасуы да қауіпті. Өзендегі ахуалды бақылау күшейтілді.


Шарипа САҚТАПОВА