Бұдан былай АҚШ-тың Бостон марафонына
қандай да бір сөмке асынып келуге қатаң тыйым салынады. Бостон жеңіл атлетика
ассоциациясы осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды Associated Press.
Айта кетейік, бұған дейін марафонға
қатысушылар жеке заттары мен киім-кешектері салынған сөмкелерді мәре сызығының
алдында, жол жиегінде қалдыра берген. Енді
кез келген жүк алдын ала қатаң тексерістен өтіп, арнайы пластикалық
қаптамаларға салынатын болады. Сондай-ақ, сыйымдылығы 1 литрден асатын ыдыспен
өту де мүмкін болмайды. Жеңіл атлетика ассоциациясы осындай шараларды 2013
жылдың сәуірінен кейін қолданып отыр.
Еске салсақ,өткен жылы Бостон марафоны
кезінде екі бомба араға бірер минут салып, бірінен соң бірі іске қосылған. Салдарынан 3 адам көз жұмып, тағы 260-тан астамы ауыр
жараланды. АҚШ құқық қорғау органдары лаңкестік әрекетті ағайынды Тамерлан мен
Джохар Царнаевтар ұйымдастырды деп айыптады. Кейін Джохар Царнаевқа айғақтарды
жасыруға жәрдем жасады деп қос қазақ Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжіаяқов құрықталған болатын.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА