Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте өртенген ірі қойма еш жерде тіркеуде жоқ болып шықты

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2014
  • 1750

Шымкентте тілсіз жаудың құшағында қалған ірі қойма еш жерде тіркеуде жоқ болып шықты. Бұл туралы  төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы ресми түрде мәлімдеді. Отқа оранған қойма «Санжар» сауда-логистикалық орталығына тиесілі.

Естеріңізге салайық, кеше  ірі қойма өртке оранып, оны ауыздықтауға отызға жуық техника, 130-дай маман жұмылған болатын. Әзірге шығын көлемі белгісіз. Тақырыпты тілшіміз Айзада Төребекқызы  толықтырады.


Өртенген қойманың, алыстан көріп тұрғанымыздай, шатыры ғана қалған. Қазір біздің білуімізше, бұл жерде арнайы комиссия сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ оқиға орнына жақын барып көруге мүмкіндік жоқ.


Өртенген қойма маңындағы күзетшілер бүгін әдеттегіден қырағы. «Өрт болған кезде төбе көрсетпеді», - деп кәсіпкерлер кінәлаған күзет қызметі күлі ғана қалған қоймаға "шыбынды" да өткізбеуге бар.


Камераңызды жиыстырыңыз. Машинаны шығарыңыз. -Камерамен мен бастыққа барам ғой. -Бастық сіздің камераңызды не істейді. -Жолықсаңызшы. Сізге рұқсат бере ме, бермей ме? - Бұл жеке аумақ. Өзі біледі. Бастық сізді қазір көргісі де келіп тұрған жоқ, шынын айтқанда.


Осылайша нысан басшысы тілдесуді қажет деп таппады. Есесіне өрттің шығу себебі мен өрт қауіпсіздігінің сақталмауы туралы өрескел қателікті төтенше жағдай жөніндегі мамандар жайып салды. 1 мың 680 шаршы метр аумағы өртенген қойма, облыстық департамент басшылығының айтуынша, тіркеуде жоқ. Әу баста жеміс-жидек сақтайтын орын болған нысанның қай уақытта көтерме сауда қоймасынаға айналғанынан ешкім хабарсыз. "Нысанда қауіпсіздік талаптары өрескел бұзылған", - деді төтеншеліктер. 


Бақытжан Құлмағамбетов, Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары:


Өрт сөндіру қызметінің қауіпсіздігі туралы әр қойманың арасында жанбайтын заттардан қабырға болу керек.Ол жерде ондай сақталынбаған. Өйткені бұл басында тағы да айта кетейін жеміс-жидек қоймасы болып арналған, сақтау қоймасы боп. Ал кейіннен қоймаға ауыстырған. Ол жөнінде бізге ешқандай хабар бермеген. Мысалы, ол ауыстырғаннан кейін бізге хабар беру керек еді. Сондықтан тіркеуде деп саналмайды.


Алапат өрттен қоймадағы мүліктің тек күлі ғана қалған. Куәгерлердің айтуынша азық-түлік сақталған орын кешеден бері әлі бықсып жатыр.  Келіп-кетіп жатқан өрт сөндіру көліктері соны айғақтайды. Айта кетейік, бұл жерді жеті бірдей ірі кәсіпкер жалдаған. Кешегі апат келтірген шығын көлемі әлі анық емес. Татьяна Шанякина 20 млн теңгенің тауарынан айрылып қалдым дейді. Енді өтемақы алудан үмітті, бірақ оны кімнен өндірерін білмей дал.


Татьяна Шнякина, кәсіпкер:


Біз сотқа бермекшіміз. Шығынымызды өндіріп берсін. Өйткені қойма басшысы өртке кінәлі адам өндіріп береді дегенді айтыпты. Адвокатпен кеңескенімізде айыпты табылса ғана, өндіруге мүмкіндік бар, болмаса, өтемақы жоқ дегенді айтты. Менің құжаттарым түгел. Мен өзімнің адал ақшамды талап етіп отырмын ғой. Басқа ештеңе талап етпеймін.


Әзірге жергілікті билікке шығынға батқан саудагерлер тарапынан ешқандай арыз-шағым түспеген. Қызыл жалыннан келген шығын көлемі 10 күннен кейін мәлім болатынын айтты. Құтқарушылардың алдын ала болжамы бойынша, өрт техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан шыққан.


Айзада Төребекқызы