Русский Сайттың толық нұсқасы

Жүк көліктерінің салмағын таразылау электрондық жүйеге көшірілгелі бері жол сапасын бақылау күшейді

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2014
  • 2878

Елімізде жүк көліктерінің салмағын таразылау электрондық жүйеге көшірілгелі бері жол сапасын  бақылау күшейді. Бұл құзырлы мекеменің пікірі. Ал жүк тасымалдаушылардың пікірі әртүрлі.  Таразы жүйесінің дәлдігіне күмән келтіретін тасымалдаушылар да бар. Кәсіпкерлер жаңа жүйеде шикіліктер көп деп санайды. Ал көліктік бақылау комитеті жұртшылықтың енгізілген жаңашылдық туралы әлі де хабарсыз екенін айтып отыр.


Ел жолдарында жүк көлігінің салмағын таразылауды автоматтандыру жүйесі тегіннен-тегін енгізілмеген. Бұрындары тасымалдаған жүктің салмағы асып жатса, жүргізушілер инспектормен келісіп, кете баратын. Түрлі фактілер соған айғақ. Коррупцияны болдырмау үшін және республика жолдарының сапасын сақтау мақсатында Қазақстанда ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшеу жүйесі құрылды. Бір ерекшелігі автоматтық жүйе адамның қатысуынсыз қызмет етеді. Яғни "бармақ бастылық" жол берлмейді - дейді Көліктік бақылау комитеті. 


Әсет Асаубаев, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитетінің төрағасы:


Бір жыл бойы пилоттық режимде жұмыс істедік. Әрине бұны біз тіке енгізе салған жоқпыз. Бұл жүйені қолдану үшін біз заңнамаға да тиісті өзгерістер енгіздік. Ол өз күшіне 2013 жылдың шілде айында енді. Соның өзінде үш айдың ішінде бұл жүйе бір миллионнан астам көлікті тексеру мүмкіншілігін берді.


Жүйе мінсіз бе? Жаңалық туралы кейбір жүргізушілердің пікірі бөлек. Мысалы, жуырда жүк тасумен айналысатын ақтөбелік кәсіпкер Евгений Щепетнев электрондық жүйе қате өлшейтінін айтып, Көлік және коммуникация министрлігіне шағымданған. Жүргізушінің көлігіне артық жүк тиелгені туралы факт Атбасардағы бекетте тіркелген. Ал Евгенийдің айтуынша, ол осының алдында Әулиекөлдегі бекетте те таразыдан өткен және электрондық жүйе жүк көлігіндегі артық салмақты анықтамаған көрінеді. 


Евгений Щепетнев, жүргізуші:


Менің көлігімнің салмағы 18 тонна, ал тасымалдаған жүк салмағы 17,5 тоннадан аспаған болатын. Алайда маған көлік инспекциясынан алдыңғы біліктерге асыра салмақ түскендігі туралы хат келіп, мен 346 мың теңге айыппұл төледім. Түсінбедім сонда, Атбасардағы бекет жүктің артық салмағын тіркесе, одан бұрын жүріп өткен Әулиекөлдегі бекет жұмыс дұрыс істемей ме? 


Көліктік бақылау комитетінің мәліметінше, аталған көлік шыныменен де екі бекеттен де өткен. Алайда кейіннен белгілі болғандай, жүк көлігі бірінші бекеттен 17 желтоқсанда, яғни бекеттегі өлшеу жүйесі комитетте тіркелмей тұрып, жүріп өтсек керек. Электрондық жүйе Қазақстанда желтоқсанның жиырмасында іске қосылған. 


Әсет Асаубаев, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитетінің төрағасы:


Ол дұрыс айтып отыр. Екі арнайы өлшеу жүйесінен өткен. Алайда айтарымыз бұл өлшеу жүйелерінен өткен кезде араларында бес күн өткен. Екіншіден арнайы өлшеу жүйелерін қабылдаған күніміз, сертификация алған күніміз жиырмасыншы қаңтар болған. Ал бұл автокөлік бірінші бекеттен 17 желтоқсан күні өткен.


Жалпы елімізде жүк салмағын электронды өлшеу бекеттері орнатылғалы бері заң бұзушылықтар көрсеткіші 3,5 есе ұлғайды. Өндіріліп алынған айыппұлдар есебінен мемлекеттік бюджет 715 миллион теңгеге толықты. "Бұл өз ретінде ауыр жүкті көліктердің салдарынан бұзылған жолдарды қайта жөндеу мүмкіндігі туғызбақ", - дейді көлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Темірхан Мендіғалиев.


Темірхан Мендіғалиев, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің көлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары:


Жүк көлігінің білігіне түсетін 1 тонна салмақ күшінен жол төсеміне келетін зардап бір жарым есе көбейеді. Ал салмақ күші 5 тоннадан асса, жол төсемін пайдалану мерзімі 6 есеге азаяды. Міне, артық жүкті тасымалдаудың салдары осындай. Сондықтан жолға артық салмақтан келген залалды өндірілген айыппұл есебінен жөндеуді дұрыс деп санаймын.


Бүгінде енгізілген жаңа жүйеге дағдыланып алғандар да кездесуде. Мәселен бүгінде кейбір жүргізушілер электрондық жүйені алдап соғудың айласын тауыпты. 


Қайрат Омаров, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің ситуациялық орталығының жетекшісі:


Ия, аталған аркаларды айналып өту жағдайлары жиі кездесіп жатады. Мына жерде өздіріңіз көріп тұрғандай сондай учаске бар. Болашақта бұл жерде мобильдік бекет орналастыру көзделуде. Сол бекет осындай заң бұзушылықтарға жауапты болады. 


Бүгінгі күні салмақ өлшеудің автоматтандырылған 13 жүйесі жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы тағы 18  бақылау бекеттерін орнату жоспарланған. Көлік жолдарының сапасын бақылаушы мекеме жүргізушілердің наразылығы уақытша деп санайды. Жүргізушілердің ақпаратқа әлі қанықпағаны тағы бар. Алайда тасымалдаушылар мен таразылаушылар арасында түсіністік пайда болғанда ғана жүйенің кіршіксіздігі туралы айтуға болады. 


Жұрағат Баман