Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде күйік шалған Жанель Ахметова үшін қан тапсырушылар қатары көбейіп жатыр

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2014
  • 1403

Ақтөбеде күйік шалған көп балалы ана Жанель Ахметова үшін қан тапсырушылар қатары көбейіп жатыр. Туыс-туғандарынан бөлек, көршілер де, бейтаныс адамдар да ат салысуда. Кешегі жаңалықтарымызда  облыстық жедел-жәрдем ауруханасына денесінің 95 пайызын күйік шалған Қосестек ауылының 33 жастағы тұрғыны жеткізілгенін айтқан болатынбыз. Жәбірленушінің анасы болған жайтқа күйеу баласын кінәләп,  ішкі істер департаментіне арыз түсірді.


Туыстарының айтуынша, Жанель Ахметованың жағдайы әлі ауыр. Оған бірінші кезекте қан керек. Дәрігерлер кешелі-бері Жанельге қан берушілердің аяғы үзілген жоқ дейді. Қан орталығының мамандары заң институтында да болып қайтқан. Жанельге еріктелермен қатар курсанттар да қол ұшын созыпты.


Әуезхан Мағзұмов, Ақтөбе облыстық қан орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы:


Біздің қан орталығы Ақтөбе заң институтында қан дайындау мәселесімен 91 адамнан қан дайындап, осы кісіге жәрдем есебінде дайындап отырмыз. Сонымен бірге осы кісінің достары, жолдастары, көрші-көлемдері, естіген былай азаматтар келіп, станционарлық ортамызға келіп қан тапсырып жатыр.


Самат Сайдахметов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:


Жанель Ахметованы танымаймын. Досым айтты ол туралы. Соны естіп, көмектесуге келдім. Жаны ашыған барлық азаматтарға қол ұшын беруді өтінеміз.


Дегенмен, Жанель Ахметова бұл жағдайға қалай душар болғаны туралы нақты дерек болмай тұр. Туыстары қасақана қылмыс жасалды деп санайды. Олар болған іске  күйеуінің қатысы бар дейді.


Гүлсара Ахметова, Ж. Ахметованың әпкесі:


Ол сіңілімді ертемен желкелеп тұрғызған. Балалары айтып отыр ғой. Жалаңаяқ, іш киіммен сыртқа алып шыққан. Артынан баруға балалары қорқып, кіреберісте қалып қояды. Сәлден соң қап-қара боп күйіп кеткен, Жанель моншадан жүгіріп шыққан. Күйеуі артынан шығады.


Аурухана есігін торуылдап жүрген әпкесі Гүлсара Ахметова, моншаның от жағар бөлмесінде өрттің ізі де жоқ дейді. Жалын шешінетін бөлмені шарпыған. Ал Жанельдің өзі бір-екі ауыз сөзге келген сәтінде: «тірі қалсам, 40 күннен кейін бар шындықты айтамын» деген.


Гүлсара Ахметова, Ж. Ахметованың әпкесі:


Күйеуі Жанельдің жайын сұраған да жоқ осы күндері. Әрдайым мас. Еркінсіп жүр. Дүкенен арақ алып ішкеннен басқаны білмейді, Жанельді әкелген күні келген. Сол кезде: көкөністей боп жатқан әйел маған қажет емес деп кеткен. Тіпті Исмаиловтар отбасынан бірде бір адам келмеді.


Қайғыға душар болған Жанельдің жақындары полицейлерден кінәлі азаматты жауапқа тартуын сұрап арыз жазған.


Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:


Жәбірленушінің анасы қызын өртемек болған күйеу баласына қатысты шара қолдануын сұрап арыз түсірген. Қазіргі таңда осы фактіні анықтау барысында тиісті жедел тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Бірақ дәрігерлердің болжамы көңілге күдік ұялатады. Олар туғандарына бүгін таңертең Жанельдің жағдайы ауырлай түскенін хабарлады.


Мансұр Есқожин