Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы арнайы жасақ сарбаздарын қауіп-қатерге дайын болуға шақырды

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2016
  • 2174

Соңғы кезде әлемде болып жатқан террорлық актілер қауіп-қатерге дайын болуды меңзейді. Бүгін Елбасы Алматы облысы Заречное кентіндегі «Қайсар-2016» оқу жаттығуында Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы жауынгерлеріне осыны қадап айтты. Сондай-ақ, жас сарбаздарды жауынгерлікке машықтандыратын арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әдістемелік дайындық орталығымен танысты. Лаңкестікке қарсы жауынгерлер дайындығын Айгүл Ермахан да көріп келді.

Мына атыс лаңкестердің лаңы. Қаруланған топ бейбіт халықты тұтынға алып, әбігерге салды. Олар автоматтан оқ жаудырып, бой берер емес. Сақшылар да сақ қимылдап жатыр.

Сақшылардың ширақ қимылдарының арқасында лаңкестіктің жолы кесіліп, жарылғыш заттар мен қару-жарақтар заласыздандырылды. Операцияда жарақат алғандарға дәрігерлер алғашқы көмек көрсетті. Бірлескен тиісті жұмыстың нәтижесінде террористер бастапқы райынан қайтып, тұтқынға алған адамдарды босатуға мәжбүр болды. Оқу-жаттығуға қатысқан 150-ден астам жауынгер мен офицерлердің шеберлігіне бас қолбасшы баға берді. Әскерилердің кез-келген сәтке дайын болуын ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы:

Соңғы кезде әлемде және өңірде болып жатқан оқиғалар, жер жүзінің әр тарапындағы террорлық актілер, Таяу Шығыстағы әскери қимылдар ықтимал қатерге дайын болу керектігін көрсетіп отыр. Сондықтан Қарулы күштердің Отанымызды және мемлекетіміздің егемендігін қорғау, аумақтық тұтастығын сақтау жолындағы маңызы зор. Осы төңіректегі сұрақтарға Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде үнемі үлкен көңіл бөлемін. Сіздердің басты міндеттеріңіз - еліміздің тыныштығын сақтап, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету.

Бұдан соң мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығын аралап көрді. Құрылысы екі жыл бұрын басталған жауынгерлерді машықтандыратын орталықтың жұмысы қараша айында толық аяқталады. Оны тұрғызуға қазынадан 6 миллиард теңге бөлінген. Мұнда мергендерді даярлайтын 10 атыс учаскесі бар.

Мұхамедқали Сәтов, ҚР Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, полковник:

Сарбаздарымыз арнайы мақсаттағы дайын тұруы керек, осындай операция өткізуге. Осы арнайы мақсаттағы бөлімдер дайынбыз. Оқу орталығы ашылып жатыр. Жай емес, мұнда 208 гектар алаң бар. 68 осында объекті бар. 68  объектіде арнайы мақсаттағы сарбаздарымыз осы жерде оқу-жаттығудан өтеді.

Осылайша бүгін арнайы мақсаттағы бөлімшелер лаңкестік әрекеттерге қарсы бағытталған операцияларды жүргізу даярлығын пысықтап алды. Өйткені терроризм мен экстремизм бүгінде әлемдік мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ, Отан қорғаушылар күні қарсаңында жауынгерлік қабілеттерімен ерекше көзге түскен әскери қызметкерлерге пәтер кілті табысталды.

Айгүл ЕРМАХАН