Русский Сайттың толық нұсқасы

Елбасы "Астана ЭКСПО-2017" сәулет жобасының тұжырымдамасымен танысты

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2014
  • 970

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Астана ЭКСПО-2017" сәулет жобасының тұжырымдамасымен танысты. Құрылыс жұмыстары жобасын үздік жоба жеңімпазы атанған компанияның басшысы Эдриан Смит өзі баяндап берді. Айтуынша, энергия жағынан тиімді, электр шығынын болдырмайтын ғимараттар салу жоспарда бар.

Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Эдриан Смиттің бұл салада 45 жылдық тәжірибесі бар екенін айтты. Осы уақыт ішінде ол әлемде ең биік 12 ғимарат тұрғызған. Арасында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Бурдж Халифа» және Сауд Арабиясындағы «Кингдом Тауэрс» жобалары бар.

Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған тұжырымдаманы мақұлдауға болады деді. Оны Астана қаласының бас жоспарымен үйлестіру қажет. 2017 жылға дейін аз уақыт қалды, енді жұмысты бастаған жөн деп қадап айтты. "Кешеннің болашақта қала тұрғындары мен қонақтары көңіл көтеретін сүйікті орынға айналуы маңызды", - деп қосты Нұрсұлтан Назарбаев.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


Қазақстанның дәрежесін жаңа технология жағынан, құрылыс жағынан үлкен бір деңгейге көтеріп жіберетін уақиға деп санау керек. Барлық Қазақстанның өңірлері осыған қарап өсетін болады. Осындай үлкен комплекс өзін өзі электр қуатымен қамтамасыз етеді. Екінші жағынан қаланың дәрежесін, абыройын көтеретін болады. Сондықтан жақсылап өткізу, дайындалу барлығымыздың Үкіметтің де, президенттің де, қаланың да басқа барлық мекемелердің алдында тұрған үлкен міндет.


Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА