Русский Сайттың толық нұсқасы

Жанармай бағасы ай сайын бекітіліп тұрмақ

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2014
  • 1343

Ұлттық қордан бөлінетін 1 триллион теңге екінші деңгейлі банктерді оңалтуға жұмсалады. Ұлттық банк пен Үкімет осындай келісім жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде Мәжілістегі Үкімет сағатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі мәлімдеді. Айтуынша, «жұмыс істемейтін» несиелерді сатып алу арқылы банк секторын сауықтыру көзделуде.

Естеріңізге салсақ, мемлекет басшысының тапсырмасымен іскерлік белсенділікті қолдау мақсатында 2014-15 жылдары Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлу жоспарланған. Қаржы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдап, жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету үшін қарастырылған. Сондай-ақ, министр Ресейден мұнай өнімдерін жеткізетін бірегей оператор құрылатынын айтты. Бензин мен дизельдік отынның шекті бағалары ай сайын белгіленіп отыратын болады.

Айта кетейік, қазір АИ-80-нің бір литрі - 89 теңге, АИ-92 - 115 теңге, дизельді отын - 102 теңге көлемінде. Жанар-жағармайдың реттелетін түрлерінің бағасы 2014 жылдың бірінші тоқсаны ішінде өзгермейді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА