Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда араққа тойып алып, жол апатына себепші болған полицей сотталды

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2014
  • 1259

Петропавлда ащы суды араққа сылқия тойып алып, жол көлік апатын ұйымдастырған полиция полковнигі Владимир Зиборовқа қатысты сот шешімі шықты.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен жылдың қазан айында ащы суды ұрттаған тәртіп сақшысы екі автокөлікті соғып өтіп, аялдамада тұрған автобусқа келіп соғылған болатын.

Камераға түскенін байқаған офицер дереу оқиға орнынан қашып құтылмақ болады. Бірақ оған ізін суытуға куәгерлер жол бермеген. Владимир Зиборовтың тентек суға тойып алғаны сонша, сұрақтарға мардымды жауап қатуға шамасы да келмеген еді. Осы теріс әрекетінен кейін, ол облыстық ішкі істер департаментінің басқарма бастығы қызметінен қуылды. Іс сотта қаралып, полиция полковнигі жүргізуші куәлігінен небары 9 айға ғана айырылды.

Сондай-ақ, судья ішкі істер басқармасы бастығының атына қызметкерлерін жазаға тартуға қаулы шығарды. Белгілі болғандай, жол сақшылары жол көлік апатының сызбасы мен жүргізушінің мас болғанын хаттамаға енгізбеген.

Алена Девяткина
, Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы:

ҚР Әкімшілік кодексінің 650 және 651-нші бабына сәйкес жол ережесін бұзғандығы үшін Зиборов Владимир Алексеевич кінәлі деп табылды. Зиборов Владимир 9 айға жүргізуші куәлігінен айырылсын. Алдымыздағы 10 күннің ішінде Зиборов мырза сот шешіміне қатысты өз келіспеушілігін білдіре алады.

Ал, сот залына шақыртылған жол апатынан жапа шеккендер тәртіп сақшысына кінә артпайтындарын айтты. Бұрынғы полиция полковнигі автобус иесіне өтемақы берген.

Айта кетейік, жауапқа тартылған Владимир Зиборовтың өзі сотта төбе көрсетпеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН