Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысының экс-әкімі Ерлан Арын қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2014
  • 2241

Павлодар облысының экс-әкімі Ерлан Арын қамауға алынды. Шенеунік абаттандыруға бөлінген қаржыны қымқыру және аса ірі көлемде пара алу деректері бойынша айыпталып отыр. Қаржы полициясының мәліметінше, облысты көркейтуге демеушілер берген қаржы экс-әкімнің қалтасында кеткен. Қазір істің мән-жайы тергеліп жатыр. Еске салайық, өткен жылы Ерлан Арынның кеңесшісін пара алды деген айыппен қаржы полициясы құрықтаған. Іле-шала әкім өз қалауымен қызметтен кетті. Бұрынғы әкім төңірегіндегі ахуал туралы Әсемгүл Мұхитқызы.


Ерлан Арын Керекуге 2012 жылдың қаңтар айында әкім болып тағайындалды. Бұған дейін жергілікті жоғарғы оқу орнының ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты, ғалым әрі қоғам белсендісі ретінде танылған. Ол билікке келе бірден білім, мәдениет және өнер саласын жандандыруға кіріседі.


Екі жылда бірнеше ескерткіш ашылып, ағартушыларға арналған кесенелер бой көтерді. Алайда жыл өтпей жатып ауыл шаруашылығынан шу шықты. 2013-тің басында аймақта мал қырылып, шығын көлемі мыңдаған басқа жетті. Шаруалар жағдайға жергілікті билікті кінәлады. Айтуларынша, жем-шөпке бағытталған субсидия дер кезінде берілмеген. Бірақ әкім қорадағы малынан айрылған тұрғындардың өзін айыптады.


Ерлан Арын, Павлодар облысының экс-әкімі /20.02.13 ж.түсірілім/:


Бұл қожалықтар өз малына эксперимент жүргізгісі келді. Содан не шықты? Республикаға шулады. Малынан да айрылды. Шындап келгенде, бұл жағдайға олардың өздері кінәлі. Нақтылап айтамын, әріптестер, Павлодарда ешқандай жұт жоқ!!!


Араға жарты жыл салып спорт саласынан ши шықты. Бес дүркін чемпион атанған «Ертіс» футбол командасының ойыншылары алты ай бойы еңбекақысыз жүргендерін жариялады. Кейбір легионерлер келісімшарттарын бұзуға мәжбүр болған. Тіпті жалақыдан қордаланған қарыз команданы үш ұпайдан айырған еді. Мәселеге қатысты клубтың бас демеушісі - ENRC компаниялар тобы «қаражат уақытында аударылғанын» айтып, ақталды. Бірақ бұл жолы да әкім өз сөзін айтқан.


Ерлан Арын, Павлодар облысының экс-әкімі /20.02.13 ж.түсірілім/:


Қаржыландыру мәселесі бірнеше көзден шығады. Ол - бюджеттік ақша, спонсорлық ақша бар. Кішкене біздің ірі спонсорымыз мәселені бір-екі айға созып жіберді. Меніңше, бір мәселеге қарап бүкіл облысқа спорт дамымай жатқан жоқ деп айтуға ешқандай жағдай жоқ.


Жаңа жыл қарсаңында елді кезекті оқиға елең еткізді. Орталық алаңға орнатылған мерекелік шыршаның жоғары құны қоғам белсенділерінің назарына ілінді. Бұқара «38 млн теңге мақсатсыз жұмсалды» деп, тексеру бастауға түрткі болады.


Жасыл желекке қатысты мәселе тергеліп, ақ-қарасы анықтала бере, Павлодар ауқымды коррупциялық даудың ортасында қалды. Облыс әкімінің кеңесшісі Төлеген Бәстенов ірі көлемде пара алып тұрған жерінен құрықталды. Шенеунікке мердігер компания мектеп құрылысына бөлінген қаражаттан 8,7 млн теңге қалтаға баспақ болған жерден кісен салынды.

Іле, яғни былтыр желтоқсанның 20-сында, Ерлан Арын да өз еркімен облыс әкімдігі орнын босатқан еді. Экс-әкімнің басына бұлт үйірілгені туралы сыбыс сол кезде-ақ тараған. Арынның "қамалғаны" туралы бүгінгі хабар да - келте. Қаржы полициясы қысқа, ресми ақпармен шектелді.


Әсемгүл Мұхитқызы