Русский Сайттың толық нұсқасы

Қауіпті дертке шалдыққан қос бүлдіршіннің ата-анасы арнамыздан көмек сұрады

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2014
  • 1818

«Сәбилер бақытты болу үшін жаралған!» Дегенмен бейкүнә бөбектердің арасында тумай жатып аурудың азабын арқалағандар аз емес. Арнамызға қауіпті дертке шалдыққан қос бүлдіршіннің ата-анасы хабарласып, көмек сұрады. Оның бірі - тараздық Артем Кузнецов болса, екінші сәби - жасы төртке де толмаған Әділ Сарбаев. "Қымбат емге қаражат жетпейді", - деп қынжылады қамкөңіл ата ана. 


Тараздың кішкене тұрғыны Артем Кузнецовтың қос жанары қатерлі ісікке шалдыққан. Бес жасқа дейінгі балаларда кездесетін көз рагы - «ритина- бластома». Бұл- көздің нұрлы қабығын жетілдірмей өлімге алып келеді. Күрделі ота жасалмаса, бүлдіршіннің көрер күні аз. Шетелде жасалатын отаның құны 70 мың доллар. Артем анасы екеуі Оңтүстік Кореяға жол жүріп кетті, Сеулдегі медицина орталығында тексерістен өтіп жатыр.


Ирина Карнаухова, Артемнің апасы:


Бізге Артемның өмірін сақтап қалу өте маңызды. Балақай бар болғаны 2 жаста ғана. Қос бірдей қарашығынан айырылса ата-анасын, мына әлемді қалай көреді? Жап-жас немеремнің бұлай жапа шегуіне жол бергіміз келмейді. Әттең, қолда қаржымыз жоқ. Адамдардан көмек сұраймыз.


Үш жасар Әділ Сарбаев қан ауруы және ми ісігі дертіне шалдыққан, қазір ол аурудың төртінші кезеңіне жетті. Өз елімізде алты рет химиялық ем-дом алса да, айықпаған.... «Әділді құтқарамыз» деген хештегпен желіде көмек сұрағандар саны күн санап артуда. Жанашыр жандардың көмегімен 35 мың доллар жиналды. Бірақ әлі 95 мың доллар қажет. Әділдің ата-анасы да баспанасын сатып, Корей еліне аттанып кетті.


Күлбаршын Төлегенова, Әділ Сарбаевтың әпкесі:


Біз Әділмен, оның анасымен желі арқылы сөйлесеміз. Әділ қазір емделіп жатыр. Соңғы рет көргенімізде, баланың көңіл күйі болмады. Ол химиялық ем дом алған соң, шаршайды. Үлкен адамдар сияқты сабырлы күйде, үндемей жүреді.


Эклеры остались? Да, с той стороны по 250 тенге штучка.


Әділді қолдаушылар Астана мен Алматыда бірден қайырымдылық акциясын өткізді. Сатылған бұйымдардан түскен қаржы баланың еміне жұмсалады. Кішкентай Артем мен Әділдің өміріне сіз де араша түсе аласыз.


Сымбат МОЛДАТАЙ