Русский Сайттың толық нұсқасы

Орал тұрғындары мұнай компаниялары әрекетіне наразы

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2014
  • 1506

Батыс Қазақстан облысы Январцев ауылының тұрғындары жергілікті мұнай өндіруші компаниялардың әрекетіне наразы. Тұрғындар, «кәсіпорындар мұнай қалдықтарын кез келген жерге төгеді, ал ол қоршаған ортаға залал келтіруде», - дейді. Бүгінде аймақтағы экологиялық ахуал нашарлап, су көздері ластанған.

Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, кәсіпорындар қалдықтарды арнайы полигонға жеткізудің орнына, сай-сала мен орман-тоғайды мұнайға толтыруда. Мемлекет қорғауындағы Кирсанов қорығында да осындай жағдай. Бұл заңсыздық өткен жылдан бері тыйылар емес, - деп ашынды.

Күмісай Тұлғабаева, Январцев ауылының тұрғыны:

Мұнай төгілген жерге ештеме өспейді, қу тақырға айналады. Мұнай қалдықтары жерасты суына тарап, одан өскен шөпті жеген малдың өкпе-бауыры іріп, суға айналады. Ал малдың етін жеп, сүтін ішетін қарапайым халыққа келген зиян өлшеусіз. Былтыр өзен суынан уланған он шақты қойымыз бір күнде арам қатты. Судың зияндылығы сонша, темір шелектің өзі шіріп кетеді.

Халықтың жан айғайына құлақ асқан мұнай компаниялары өкілдерін көре алмадық. Олар көптің алдына шығып, қара көрсетпеді. Осыған дейінгі өткен басқосу кезінде олар бұл қалдықтардың зиянсыз екендігін айтып, ақталыпты. Ал прокурорлар бұл іске кінәлілердің жазаланатынын жеткізді. Қазір мұнай қалдықтарын заңсыз төгуге қатысты екі қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, заңсыздықты байқаған ауыл тұрғыны күдікті көліктер туралы құзырлы органдарға хабарлауы тиіс екенін айтты.

Зәкария Саралеев, Зеленов
ауданының прокуроры:

Қоршаған ортаның ластануына «Орал Ойл & Газ» бен мұнай қалдықтарын тасымалдаушы «Мұнайавтотранс» компаниясы жауапты. Жакын арада қылмыстық іс сотқа беріледі. Бірақ, біз үшін кінәлілерді анықтау қиынға соғып отыр. Өйткені, төгілген заттардың мұнай екендігін анықтау үшін түрлі техникалық зерттеулер жүргізіледі. Сондықтан
, бұл іс біраз уақытқа созылады.

Еркін ҚАРИН